2025 жылғы 27 тамызда ҚР Әділет министрлігі Ілияс Храпуновқа қатысты маңызды мәлімет жариялады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Таратылған ақпаратқа сүйенсек, 2025 жылғы 6 тамызда АҚШ-тың Нью-Йорк Оңтүстік округі бойынша Округтік соты дәлелдемелерді зерттеу арқылы өткен тыңдау қорытындысында талапкерлер – Алматы қаласы мен "БТА Банк" АҚ пайдасына шешім шығарып, Ілияс Храпуновты сотты құрметтемеу айыбымен кінәлі деп таныды.

"Бұған дейін қабылданған $221,285.31 төлеу жөніндегі міндеттемеге қоса, Федералдық судья Джон Г. Кёлтл Храпуновтың өз активтері туралы тұрақты түрде есеп беруді міндеттеген соттың нақты әрі айқын бұйрығын бұзғанын анықтады",- делінген ақпаратта.

Әділет министрлігінің ақпаратынша, мұндай есептерді ұсыну міндеті оған бұрын сотты құрметтемеу айыбы бойынша кінәлі деп танылғаннан кейін жүктелген болатын.

"Жаңа сот шешіміне сәйкес, Ілияс Храпунов өз активтері және оған қарсы шығарылған сот шешімдерін орындау үшін ақша алуға жасалған әрекеттер туралы толық мәліметті тұрақты түрде ұсынуға міндетті. Бұл талап орындалмаған жағдайда оған қосымша қаржылық санкциялар қолданылуы мүмкін. Сондай-ақ, Ілияс Храпунов Алматы қаласы мен БТА Банкке сотты құрметтемеуі салдарынан келген шығындарды өтеп беруге тиіс". Әділет министрлігі

Бұған дейін Алматыда саябақ маңындағы қамыстың арасынан бейтаныс адамның мәйіті табылғаны хабарланған болатын.