Өткен түн қазақстандық футбол жанкүйерлері үшін ұмытылмас әрі тарихи сәт болды. Алматының "Қайраты" аңызға айналған шотландиялық "Селтикті" жеңіп, тұңғыш рет УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде ойнайтын болды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ел чемпионы өз алаңында қонақтарды матчтан кейінгі пенальти сериясында (3:2) жеңді. Тарихи жетістік арқасында алматылық команда жақын уақытта еліміз футболы үшін қомақты қаржыға қол жеткізеді.

УЕФА-ның осы маусымға бөлген қаржылай сыйақысына сүйенсек, "Қайрат" Еуропаның үздік командалары қатарында барлық матчта жеңілсе де, кемінде 20 млн еуро табыс табады. Ал тең немесе жеңіске жеткен жағдайда бұл сома ұлғая түседі.

Нақтырақ айтқанда, бұл кемінде 20,18 млн еуро (12 524 313 400 теңге). Айта кетейік, қазір "Қайрат" ойыншыларының жалпы құны 12,80 млн еуроға тең.

Рафаэль Оразбахтиннің командасы "Селтикпен" ойындағы ерлігі үшін УЕФА-дан 4,29 млн еуро (2 662 502 700 теңге) алады.