Руслан Берденов Шымкент әкімінің орынбасары қызметінен әлі кеткен жоқ. Бұл туралы бүгін Шымкентте Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Баспасөз мәслихатында Сәрсен Құранбек Руслан Берденовке қатысты журналистердің сұрағына жауап берді. Журналистердің бірі брифинг барысында Руслан Берденов туралы желіде "қала әкімінің орынбасары қызметінен кетті" деген ақпарат тарағанын атап өтіп, оны растауды немесе жоққа шығаруды сұрады.
Сәрсен Құранбектің сөзіне қарағанда, Руслан Берденов әкімдіктегі қызметінен кеткен жоқ, ол уақытша еңбекке жарамсыздығы бойынша демалыста.
"Руслан Берденовтің жұмыстан кетуі туралы бұйрық әлі шыққан жоқ. Ресми түрде ол еңбекке жарамсыздық қағазын аштырған. Емделіп жатыр. Әлі күнге әкімдіктің құрамында. Бірақ біздің білуімізше, Руслан Берденов бұдан былай әкімдіктегі жұмысын доғарғысы келетін болса керек. Ондай болса келіп, өтінішін жаза жатар. Ол әркімнің өзінің таңдауы, еркі. Денсаулығымен айналысамын деп шешкен болса керек. Бірақ ресми түрде бұйрық шықпайынша біз оны қала әкімінің орынбасары деп есептейміз. Әзірге ол кісі жұмыста", — деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз