Кеше түнде "Қайрат" футбол клубы Алматыда тарихи жетістікке жетіп, Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алды. Jibek Joly арнасының "Бүгін LIVE" бағдарламасына сұхбат берген спорт комментаторлары ел футболындағы елеулі оқиға туралы айтып, ойыннан алған әсерін бөлісті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Ойынды 120 минут бойы тамашаладық. Кешегі түн қазақ футболының жанкүйерлері мен жанашырлары үшін мәңгі есте қалады. Өйткені көптен күткен триумфқа қол жеткіздік. 2015 жылы "Астана" футбол клубы Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алған еді. Міне, араға 10 жыл салып "Қайрат" бізге осындай қуанышты қайта сыйлады. Алматылық клубқа тілеулес болдық. Бірақ үмітпен қатар күдік те жүрді. Қарсыластардың гол соғатын 1-2 мүмкіндігі болды. Сол сәтте қатты уайымдадық. Абырой болғанда, қақпамызды аман сақтап, топтық кезеңге өттік. "Қайраттың" жеңісі тек алматылық клубтың жанкүйерлері үшін ғана емес, күллі қазақ қауымы үшін үлкен мәртебе деп есептейміз", — дейді спорт комментаторлары.
Студия қонақтары қақпашы Темірлан Анарбековтің ойынына да жоғары баға берді.
"Кеше әлеуметтік желіден көрдім. 2002 жылы Орал мен Атыраудың арқасында біз Азиядан Еуропа футболына ауысқан екенбіз. Ал Анарбеков содан бір жылдан кейін, яғни 2003 жылы Атырауда дүниеге келген. Ол пенальти сериясында қақпаны сенімді күзетіп, үш допты тойтарды. Футболдың айналасында жүрген, түсінетін адамдар қақпашының еңбегінің қандай екенін біледі. Кейбіреулер мұны сәттілік дер. Бірақ кей қақпашылар бір бағытқа дайындалып секіріп жатады. Ал Анарбеков соңына дейін күтіп, соққыны оқып барып секірді. Соның арқасында кеше қаһарман болды. Бір күннің ішінде жұлдызға айналып шыға келді", — дейді Бақдәулет Ерғали.
"Анарбековтің тарихи жеңіске қосқан үлесі зор. Бірақ жалпы 11 ойыншы да жұмылып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, әдемі ойын көрсетті. Оразбахтиннің шәкірттері нағыз команда бола алды", — дейді Равиль Ашығали.
Коментаторлар алматылық команданың тарихи жетістігі туралы кино түсіруге де болатынын айтты.
"Қайраттың" топтық кезеңге шығуы туралы тіпті кино түсіруге де болады. Өйткені негізгі құрамдағы көптеген ойыншы жарақат алып қалды. Мата да ауыр жарақатына қарамастан, кеше ғана қатарға оралып, керемет ойнады. "Қайраттың" қай ойыншысын алсақ та — бәрі нағыз қаһарман", — дейді олар.
Еске салайық, Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққаны үшін "Қайрат" 18,62 миллион еуро табыс тапты.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз