Шымкент мұнай өңдеу зауыты аумағында автосаты құлап, мердігер компанияның екі қызметкері қаза тапты.

Оқиға 26 тамыз күні күндіз оқшаулау жұмысы жүргізіліп жатқан кезде болған. Автосатының құлауынан мердігер ұйымның екі қызметкері қаза тапқан.

«ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС (ПҚОП) баспасөз қызметі қайғылы жағдайды растады.

«Оқшаулау жұмысы кезінде автовсаты аударылып, екі адамның өліміне әкелді. Жұмысты «КРС Астана» ЖШС мердігер ұйымы орындап жатқан. Қаза болғандар – осы компанияның оқшаулаушылары. Оқиғаның себебін арнайы жұмыс тобы анықтап жатыр. Зауыт қалыпты режимде жұмысын жалғастыруда. «ПҚОП» ЖШС басшылығы марқұмдардың отбасына шын жүректен көңіл айтады», – делінген кәсіпорын хабарламасында.

Қазір оқиға орнында арнайы комиссия жұмыс істеп, жағдайдың мән-жайы мен себептерін анықтап жатыр.