Қоғамда резонанс тудырған Instagram желісіндегі көлік ұтысына байланысты іс сотта тіркелді. Астанадағы Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот Ерболат Жанабылов пен Эльмира Толегенова ұйымдастырған ұтыс ойыны бойынша істі қарауға қабылдады. Бұл туралы ақпарат "Сот кабинеті" порталында жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Басылымның хабарлауынша, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 445-1-бабы, 6-бөлігіне сәйкес, Ерболат Жанабыловқа "Лотереяны лотерея операторлары емес тұлғаның ұйымдастыруы" дерегі бойынша хаттама жасалды. Туризм министрлігінің мәліметінше, оның қорғаушысының өтініші негізінде іс сотқа жолданды. Сот отырысының нақты уақыты мен орны қосымша хабарланады.

Әзірге Эльмира Толегеноваға қатысты тексеру аяқталмаған. Оның ісі бойынша шешім тексеру нәтижелері шыққан соң қабылданады.

Басылым дерегіне сүйенсек, блогерлер жариялаған ұтыста 11 автокөлік таратылатыны хабарланған. Алғашында акцияға қатысу тегін деп көрсетілгенімен, кейін шарт өзгеріп, қатысушыларға құны шамамен 30 мың теңге тұратын онлайн-курс сатып алу міндеттелгені анықталған.

Бұл жағдайдан кейін желі қолданушылары блогерлерді білім беру өнімін желеу етіп, заңсыз лотерея ұйымдастырды деп айыптады.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз