2025 жылғы 28 тамызда таңертең Алмалы ауданында №65 қоғамдық автобус пен үш жеңіл автокөліктің қатысуымен жол-көлік оқиғасы (ЖКО) орын алды. Болған оқиғаның егжей-тегжейін қалалық полиция департаментінің (ПД) баспасөз қызметі айтып берді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, автобус жүргізушісі Розыбакиев көшесімен солтүстік бағытта келе жатып, Құрманғазы көшесімен қиылыста Volkswagen көлігімен соқтығысқан.
"Шетелдік көлік қатты соққыдан қарсы жолаққа шығып, тағы екі көлікпен соқтығысқан". Алматы ПД баспасөз қызметі
Нәтижесінде, полицияның айтуынша, оқиғаға төрт көлік қатысқан.
Сондай-ақ, Volkswagen жүргізушісінің медициналық көмекке жүгінгені белгілі болды.
Енді апаттың мән-жайын полиция қызметкерлері анықтауы керек.
Бұған дейін Астанада жолаушылар автобусы жолдан шығып кетіп, 14 адамның зардап шеккенін жазғанбыз.