Instagram-да блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенова ұйымдастырған конкурс төңірегіндегі даулы жағдай сотқа жетті. Істі Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты қарайды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Министрліктің тексеруі

Туризм және спорт министрлігінің құзырындағы Ойын бизнесі мен лотереяларды реттеу комитеті Жанәбіловтер өткізген ұтыс ойынына шағымдар түскеннен кейін тексеріс бастаған. Белгілі болғандай, Ерболат Жанәбіловтың парақшасында күн сайын ақша, автокөлік және басқа да бағалы сыйлықтар түріндегі жүлделермен ұтыстар өткізілген. Бұл әрекеттер лотерея қызметі туралы заңнаманы бұзу белгілеріне жатады (ӘҚБтК-нің 445-1-бабы).

"Осыған байланысты 26 тамызда Жанәбіловке Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 445-1-бабының 6-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Оның адвокатының өтініші бойынша іс Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолданды", – деп мәлімдеді министрлік Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына жауап ретінде.

Комитет сонымен қатар Ерболат Жанәбіловтың жұбайының әрекеттеріне қатысты тексеріс жалғасып жатқанын, оның қорытындысы бойынша тиісті шешім қабылданатынын айтты.

Жиі қайталанатын шағымдар

Қазақстандықтар тарапынан лотерея белгілері бар ұтыстар өткізетін блогерлерге қатысты шағымдар жиі түседі. Комитет мұндай конкурстар лотерея туралы заңға қатаң сәйкес келуі керектігін ескертті.

"2024 жылы әлеуметтік желілерде (Instagram, TikTok, WhatsApp) заңсыз лотерея ұйымдастырғаны үшін 101 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 43 млн теңге айыппұл салынды. 2025 жылы 72 адамға 30 млн теңгеден астам айыппұл салынды", – деп толықтырды ведомство.

Даудың басы

Бұған дейін блогерлер Instagram-да 11 автокөлік ойнататынын жариялаған. Шарт қарапайым — бөлісу керек. Бірақ 21 тамызда жазылушылар тікелей эфирдің орнына құны 30 мың теңге тұратын Zhana Business атты ақылы курсқа сілтеме көрген. Байқауға қатысу тек осы курсты сатып алғаннан кейін мүмкін болатыны белгілі болды. Бұл жазылушылардың наразылығын туғызды. Олар құқық қорғау органдарынан сызбаның заңдылығын тексеруді сұрады: блогерлер салық төлей ме, көліктер шынымен ойнатыла ма, ақшаны қайтармауға тыйым салу заңды ма деген сауалдар қойылды.

Қаржылық мониторинг агенттігі материалдарды өзге мемлекеттік органдарға тексеруге жолдады. Туризм және спорт министрлігі тексеріс бастағанын хабарлады, ал Ойын бизнесі және лотереяларды реттеу комитеті Ерболат Жанәбіловке түсініктеме беруді талап еткен хабарлама жіберді. Комитет жауабы болмаса, мәселені сырттай қарайтынын да ескертті.

Министрлік заң бойынша ұтыс ойындарын тек ресми ұйымдастырушылар мен лотерея агенттері ғана өткізе алатынын еске салғандарын хабарлады. Бірақ Жанәбіловтер ескертулерге қарамастан ұтыстарын жалғастырған.

Жанәбіловтер кімдер?

Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенова — танымал қазақстандық блогерлер. Олардың аккаунттарына сәйкесінше 8,4 миллион және 7,1 миллион адам жазылған. Жарияланымдары жиі миллиондаған қаралым жинайды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Logotype Massaget