Дзюдодан кадеттер арасындағы әлем чемпионатының екінші жарыс күнінде (Болгария, София) Қазақстан құрамасынан үш спортшы финалдық кезеңге өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ернұр Батырғали 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жартылай финалда Өзбекстан спортшысы Дильшод Каримовты жеңді. Шешуші белдесуде Тәжікстан балуаны Лоик Кудбудиновпен кездеседі.
Сондай-ақ 66 келіге дейінгі салмақта Мұхаммедәлі Жылқайдар да алтын медаль үшін таласады. Ол жартылай финалда ресейлік Муслим Котиевті жеңіп, финалда тағы бір ресейлік дзюдошы Рахим Хамхоевпен кездеседі.
Осы салмақ дәрежесінде Ролан Қайырғали қола медаль үшін белдеседі. Оның қарсыласы — Канаданың өкілі Анес Мати.