Қазақстан әуежайларында тасымалдауға тыйым салынған заттарды сақтау тәжірибесі тоқтатылады, деп хабарлайды Көлік министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
"Еліміздегі әуежайлардың авиациялық қауіпсіздік жүйесін халықаралық тәжірибе мен стандарттарға сәйкестендіру мақсатында әуе көлігімен тасымалдауға тыйым салынған заттарды әуежайда сақтау тәжірибесі тоқтатылады. Бұл шешім жолаушыларға қызмет көрсету процесін оңтайландыру үшін қабылданды", — делінген хабарламада.
Жолаушыларға әуе көлігімен тасымалдауға тыйым салынған заттардың тізімімен алдын ала танысып шығу ұсынылады. Азаматтық әуе кемелерінде тасымалдауға тыйым салынған қауіпті заттардың толық тізімімен мына сілтеме арқылы танысуға болады.
Министрлік өкілдерінің хабарлауынша, толық ақпарат әуе компаниялары мен әуежайлардың ресми сайттарында, сондай-ақ тіркеу және тексеру пункттерінде бар. Мысалы, қол жүгінде тасымалдауға тыйым салынған заттар қатарына сыйымдылығы 100 миллилитрден асатын сұйықтықтар, аэрозольдер, гельдер және өзге де қауіпті заттар жатады.
"Авиациялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес зауыттық қаптамасы жоқ өнімдерді тасымалдауға рұқсат етілмейтінін еске саламыз. Атап айтқанда, бұл бал, джем, сүт және үй жағдайында дайындалған басқа да өнімдерге қатысты. Мұндай заттар тексеру кезінде тәркіленеді", — деп еске салды министрлік өкілдері.
Жолаушылар тәркіленген немесе авиациялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін заттарды шығарып салушы азаматтарға қалдыра алады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз