"Қазгидромет" РМК мамандары 2025 жылдың қыркүйегіне ауа райына болжам ұсынды. Оған сәйкес, күздің алғашқы айында Қазақстанда үсік, қар аралас жаңбыр және +40°С-қа дейін жететін аптап ыстық күтіледі, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қыркүйектің басы

Болжам бойынша, айдың басында, батыс өңірлерді қоспағанда, республика аумағында суық ауа массаларының әсерінен күн суытады.

"Салехард аудандарынан келген суық ауа әсерінен ауа температурасы төмендеп, республиканың оңтүстік-шығыс және шығысындағы таулы аймақтарда жауын-шашын (жаңбыр, қар аралас жаңбыр) күтіледі", — делінген "Қазгидромет" РМК баспасөз хабарламасында.

Қыркүйектің алғашқы онкүндігінде елдің басым бөлігінде ауа райы тұрақсыз болады: жаңбыр, найзағай, бұршақ, екпінді жел күтіледі.

"Жауын-шашын тоқтаған кезде солтүстік, орталық және шығыс аймақтарда алғашқы үсік қаупі бар. Түнде және таңертең республиканың солтүстік жартысында тұман түсуі ықтимал", — деп нақтылады "Қазгидромет".

Айдың алғашқы онкүндігіндегі ауа райы:

  • республиканың батысы мен оңтүстік-батысында күндізгі температура +32…+40°С-қа дейін ысып, онкүндіктің ортасына қарай +17…+25°С-қа дейін төмендейді;
  • солтүстік, солтүстік-батыс (Қостанай облысы), орталық және шығыс өңірлерде түнгі температура +3…+8°С-тен +5…+15°С-қа дейін, күндіз +12…+18°С-тен +20…+28°С-қа дейін көтеріледі, топырақ бетінде -2°С-қа дейін үсік күтіледі;
  • Қызылорда және Түркістан облыстарында күндізгі ауа +25…+32°С-тен +30…+39°С-қа дейін ысиды;
  • оңтүстік-шығыста түнгі температура +8…+13°С-тен +13…+18°С-қа дейін, күндіз +18…+23°С-тен +28…+35°С-қа дейін көтеріледі.

Айдың екінші және үшінші онкүндіктерінде

Температура жиі құбылып тұрады:

  • батыс, солтүстік-батыста түнде +13…+19°С пен +2…+12°С аралығында, топырақ бетінде -3°С-қа дейін үсік болуы мүмкін, күндіз +25…+32°С пен +18…+26°С арасында өзгереді;
  • солтүстік, орталық және шығыс аймақтарда түнде +1…+6°С, үшінші онкүндікте -1…-6°С үсік пен +7…+13°С аралығында, күндіз +8…+13°С пен +20…+28°С арасында ауытқиды;
  • еліміздің оңтүстік бөлігінде ең салқын күндері түнде топырақ бетінде -3°С-қа дейін үсік, күндіз +11…+20°С күтіледі. Кейбір күндері жазға тән ыстық сақталып, күндіз +25…+35°С-қа дейін көтеріледі.
"Бұл айлық болжам кеңес түрінде ұсынылады және синоптикалық жағдайға байланысты алдағы уақытта нақтыланып, онкүндік ауа райы болжамдарымен түзетіледі", — деп түсіндірді "Қазгидромет" РМК баспасөз қызметі.