Синоптиктер 2025 жылғы қыркүйекке арналған консультативтік ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды "Қазгиромет" РМК-ға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Метеорологтардың мәліметінше, қыркүйектің алғашқы күндері Салехард аудандарынан енген суық ауа массаларының әсерінен ауа температурасының төмендеуі күтіледі, республиканың оңтүстік-шығысы мен шығысындағы таулы аудандарда жауын-шашын (жаңбыр, жылбысқы қар) түсуі мүмкін.

Бірінші онкүндікте Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады: жаңбыр, кей жерлерде қатты жаңбыр, найзағай, бұршақ және екпінді жел күтіледі. Солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде үсік жүруі ықтимал. Түнде және таңертең тұман түсуі мүмкін.

Айдың басында еліміздің батысында ауа температурасының түнде +15+20°С-тан, оңтүстікте +23°-тан +8+15°С-қа дейін, күндіз +32+37°С-тан +18+25°С-қа дейін төмендеуі күтіледі, онкүндіктің соңында ауа температурасы түнде +12+18°С-қа, күндіз +25+30°С-қа, оңтүстікте +35°С-қа дейін көтеріледі.

Ал республиканың оңтүстік-батысында күндіз +32+40°С-қа дейін қатты ыстық болмақ, онкүндіктің ортасына қарай +25+30°С-қа дейін ыстықтың бәсеңдеуі күтіледі, онкүндіктің соңында ауа температурасы қайтадан +33+38°С-қа дейін көтерілуі ықтимал.

Солтүстікте, солтүстік-батыста (Қостанай облысында), орталықта және шығыста ауа температурасының түнде +3+8°С-тан +5+15°С-қа дейін, күндіз +11+18°С-тан +22+30°С-қа дейін біртіндеп жоғарылауы күтіледі. Аталмыш өңірлерде түнде 2°С-қа дейін үсік жүруі мүмкін.

Оңтүстікте және оңтүстік-шығыста ауа температурасының түнде +10+18°С-тан +18+23°С-қа дейін, күндіз +26+33°С-тан +32+39°С-қа дейін ауытқуы күтіледі.

Қыркүйектің екінші және үшінші онкүндігінде температуралық фонда жиі өзгерістері күтіледі.

Батыс, солтүстік-батыс аймақтарда ауа температурасының түнде +13+19°С-тан +2+12°С-қа дейін, күндіз +25+32°С-тан +18+26°С-қа дейін ауытқуы күтіледі. Сондай-ақ 3°С-қа дейін үсік жүруі мүмкін.

Елдің солтүстігінде, орталығында және шығысында ауа температурасының түнде +1+6°С-тан, үшінші онкүндікте 1-6°С үсіктен +7+13°С-қа дейін, күндіз +8+13°С-тан +20+28°С-қа дейін ауытқуы күтіледі.

Қазақстанның оңтүстік жартысында күндіз ауа температурасы +11+20°С-қа дейін төмендеп, 3°С-қа дейін үсікке жүруі ықтимал. Кейбір күндері күндіз +25+35°C-қа дейін ыстық болады.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз