1 қыркүйекте Михаил Кавелашвили АҚШ президенті Дональд Трампқа ашық хат жолдап, Грузияға көбірек көңіл бөлуге шақырды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Facebook парақшасында жариялаған хатында ол Грузияға жеткілікті көңіл бөлінбеуі таңқаларлық жағдай екенін атап өтті, себебі Тбилисидегі билеуші партия мен Трамп әкімшілігі арасында "құндылықтардың толық сәйкестігі" бар.

"Соңғы бірнеше айда сіз бүкіл әлемнің жартысын өзгертіп жатырсыз. Алайда сіздің әкімшілігіңіз біздің елімізге тиісінше көңіл бөлмей отыр", – деп жазды Михаил Кавелашвили Трампқа жолдаған хатында.

Грузия президентінің айтуынша, Трамптың енжарлығы грузин халқына күмән туғызып, АҚШ әкімшілігінің аймақта бейбітшілікті нығайтудағы іс-әрекеттері қаншалықты шынайы және еркін деген сұрақтар тудырып отыр. Ол сондай-ақ Трамптың Грузияның барлық көршілерімен қарым-қатынасты реттегенін атап өтті:

  • Армения мен Әзербайжан арасындағы бейбіт келіссөздерге делдал болды;
  • Түркиямен әріптестік орнатты;
  • Ресей президенті Владимир Путинмен байланыстарды қалпына келтірді.
"Алайда осының аясында сіздің әкімшілігіңіз Грузия жайлы ештеңе айтпайды, бұл – грузин қоғамында таңданыс тудырып отыр", – деді ол.

"Жеке өзім, Грузия президенті ретінде, үкіметтің мәлімдеген мақсатын – Грузия мен Америка Құрама Штаттары арасындағы стратегиялық әріптестікті жаңа парақтан бастап, нақты жол картасы негізінде қалпына келтіру үшін бар күшімді салуға дайынмын", – делінген ашық хатта.

Бұған дейін Трамптың COVID препараттарының тиімділігі туралы мәліметтерді жариялауды талап еткенін жазғанбыз.