25 тамызда Чатқал ауданы Айғыр-Жал ауылының екі тұрғыны жоғалғаны туралы хабар келіп түскен.
28 тамызда өткен кездесуде өзбек тарапының өкілдері 15 тамыз күні Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстанның шекаралары түйіскен аймақта шекара жасағы екі белгісіз адамды анықтағанын жеткізді. Ресми ақпаратқа сәйкес, олар ұстау кезінде ескертуге бағынбаған, кейін жасақ қару қолданған. Салдарынан екі қырғыз азаматы оқтан қаза тапқан.
31 тамызда марқұмдардың туыстары Өзбекстанға барып, қаза болғандарды көріп, растаған. 1 қыркүйекте «Баймақ» өткізу пункті арқылы олардың денесі Қырғызстанға беріліп, Кербен қаласының мәйітханасына сараптамаға жіберілген.
Қырғызстан мен Өзбекстанның шекара қызмет басшылары 2 қыркүйектен бастап оқиға орнында бірлескен тергеу жүргізуге уағдаласты.
«Шекара қызметі болған жағдайға алаңдаушылық білдіреді. Азаматтарымыздың қаза болуына қатысты жан-жақты тергеу жүргізіліп жатыр. Қорытындысы көпшілікке хабарланады», – деп атап өтті ведомство.