Абай облысында Алакөл көлінің жағалауындағы демалыс үйінен өрт шықты. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенде от ғимараттың екі қабатына да тарап кеткен, деп өңірлік ТЖД-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Ведомствоның ақпаратына сәйкес, 2 қыркүйек күні, сағат 12:50-де Мақаншы ауылындағы №18 өрт сөндіру бөліміне Алакөл көлінің жағалауында, Қабанбай ауылдық округі аумағында өрт шыққаны жөнінде хабарлама түскен.

"Оқиға орнына жедел түрде Абай облысы ТЖД күштері мен құралдары, сондай-ақ Қабанбай және Қарабұлақ ауылдық округтерінің өртке қарсы құрылымдары жіберілді", — делінген ТЖД хабарламасында.

Өрт сөндірушілер оқиға орнына 5 минут ішінде жеткен. Олар келген сәтте демалыс орнының екі қабатты ғимараты толықтай жалынға оранған болатын.

"Алдын ала мәліметтер бойынша, өрттің тез таралуына қатты жел, ғимараттың құрылыс ерекшеліктері — қамысты жылытқыш, металл қаптама, өрттің кеш анықталуы себеп болған. Жедел атқарылған шаралардың нәтижесінде өрт толық сөндірілді", — деп хабарлады құтқарушылар.

Төтенше жағдайдан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.

Ведомство өкілдері уақытылы қабылданған шаралардың арқасында "Аквамарин" демалыс орнының екі ғимараты және "Апельсин" демалыс базасының төрт ғимараты аман сақталып қалғанын жеткізді.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз