Көпшілік Дубайды көңіл көтеретін көрнекі жері сан алуан, шопинг жасауға және жағажайда жатып демалуға арналған қала ретінде жақсы біледі. Бірақ мегаполистің тарих, өнер, дизайн және су жаңа технологияларды тоғыстырған мәдени орталық ретінде де қызығы көп, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Жаңалықты жаны сүйетін кез келген саяхатшы мұнда жаны мен тәнін демалдырып қана қоймай, білім көкжиегін кеңейтуге көптеген мүмкіндік таба алады.
Мәдени мұра ескерткіштері
Өткен күннің ізіне үңілгенді ұнататындар үшін Дубайда қызықты орындар жетерлік. Мәселен, XIX –XX ғасырдың басындағы ескі Дубайдың тыныс-тіршілігін сезіну үшін Аль-Фахиди тарихи кварталына баруға болады. Тар көшелер, тастан қашалған, гипс, пальма және сандал ағаштарынан салынған, дәстүрлі жел мұнаралары бар үйлер; базарлар мен иісі мұрын жаратын түрлі дәмдеуіштің хош иісі сізді өткен ғасырға бір-ақ апарады.
Жергілікті мұражайлар, қолөнер шеберханалары және арт-кеңістіктер қала зәулім ғимараттар салынғанға дейін қандай болғанынан хабар береді. Мұнда орналасқан мейрамханалар нағыз гурмандарға дәстүрлі эмират асханасының дәмін татуға таптырмас мүмкіндік болмақ.
Бұл маңнан таяқ тастам жерде Аль Сиф жағажайы бар. Онда ескі қала стиліндегі фасадтар, бутиктер және қонақүйлер орналасқан. Бұл жерде сауда жасап, сәнді брендтерден бастап, жергілікті шеберлердің қолынан шыққан өнімдерді де сатып ала аласыз. Одан бөлек кешқұрым серуендеп, яхталар мен судағы қаланың түрлі-түсті жарығын тамашалауға болады.
Әмірліктер тарихы

Мәдениет сүйер қауым Шейх Мохаммедтің өзара түсініктік мәдени орталығына (SMCCU) бас сұғуына болады. Бұл орталықта Дубайдың дәстүрлері туралы ақпарат алып, туристердің сүйіп жейтін шығыс тағамдарынан дәм тата аласыздар.
Орталық қызметкерлері әмірліктегі өмір туралы әңгімелеп, барлық сауалға жауап беріп, тарихи орындарға тур ұсынады. Орталық орналасқан ғимаратқа да ерекше тоқтала кету керек. Бұл — жел мұнарасы бар қайта жөнделген зәулім үй.
Елдің жаңа тарихын білгісі келетіндер 1971 жылы Біріккен Араб Әмірліктернің конституциясы қабылданған орында бой көтерген Этихад мұражайына (Etihad Museum) бара алады. Оның залында бірегей мұрағаттар, интерактивті жәдігерлер және соңғы онжылдықтардағы басты оқиғаларды баяндайтын мультимедиялық инсталляциялар бар. Ғимараттың сәулетінде де өзіндік мән бар – имек ақ шатыр Конституцияның парақшасын, жеті бағана оған қол қойылған жеті қаламсапты білдіреді.
Заманауи өнер

Дегенмен, Дубай тек тарихымен ғана емес, өнерімен де қызықтырады. Мәселен, Al Quoz индустриялық ауданында бұрынғы өндірістік кешен қоймалары аумағында орналасқан Alserkal Avenue арт-орталығы бар. Мұнда галереялар, би студиялары мен кафелер жұмыс істейді.
Осы жерден Таяу Шығыс суретшілерінің көрмелері өтетін The Third Line галереясын, ерекше атмосфералы Cinema Akil арт-кинотеатрын және дәрістер, шеберлік сабақтары мен арт-фестивальдер ұйымдастырылатын ондаған креативті кеңістікті табуға болады.
Камералық көрмелерді ұнататындар көне үйде орналасқан XVA Gallery арт-қонақүйіне және шығанақ жағалауындағы Jameel Arts Centre заманауи өнер орталығына баруына болады.
Ерекше форматтарды іздейтіндерге Дубай Foundry кеңістігін ұсынады. Бұл – галереялар, коворкинг, кітап дүкені мен арт-кафе тоғысқан орын. Ал әсерлі қойылымдарды жаны сүйетіндер тәуелсіз спектакльдер, перформанстар мен иммерсивті қойылымдар сахналанатын The Junction театрына барып, ерекше әсер ала алады.
Дизайн және инновациялар

Дубайдағы дизайн мен технологиялар ерекше назарға ие. Болашақ мұражайы қаладағы әр турист баруға тиіс орындардың біріне айналған. Араб каллиграфиясымен сәнделген футуристикалық ғимарат алыстан мен мұндалап, қала көркін кіргізіп тұр. Оның ішінде ғылым, ғарыш, экология және болашаққа сапар шектіретін инновацияларға арналған жәдігерлер жинақталған.
Әлемнің түкпір-түкпірінен келген дизайнерлер, сәулетшілер және суретшілер жұмыс істейтін Dubai Design District кварталынан да мол қызық таба аласыз. Мұнда сәнді көрсетілімдер, фестивальдер, көрмелер және ашық студиялар күндері өтіп тұрады және шығармашылық процесті сезінуге мүмкіндік береді.
Бармауға болмайтын көрнекі жерлер

Туристер Dubai Mall-дағы цифрлық өнер иммерсивті мұражайларын да баратын орындар тізіміне қосса болады: ARTE Museum-де технологиялар, дыбыс пен хош иістердің арқасында цифрлық пейзаждар көз алдыңда “тірілгендей” болады, ал House of Hype метағалам, гейминг және сән әлеміне сапар шектіреді. Мұнда уақытты қызықты өткізіп, есте қалар суреттерге түсуге болады.
Одан бөлек қалада тұрақты түрде уақытща көрмелер, көше арт-инсталляциялары мен жәрмеңкелер өтіп тұрады. Мұның барлығы Дубайдың мәдени өмірін жарқын әрі жыл бойы қызықты етеді.
Дубай әлемдегі болашағы зор қала ретінде туристерге шабыт сыйлап, таңғалдырып, саяхат туралы ойларды өзгерте бермек. Қалаға келген әр адам бір күннің ішінде технологиялар мен дизайн әлеміне еніп, кофе үстінде заманауи өнерді талқылап, көне қала көшелерімен серуендей алады. Ал шаһардың басты сиқыры сонда, ол ыстық ауа райын жаны сүйетіндерді де, білім мен жаңа әсерлер іздеген туристерді де өзінше таңғалдыра алады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз