2025 жылғы 20 тамызда Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы коллекторлық агенттіктердің есептік тіркеуден өтуі мен тізілімін жүргізу қағидаларына өзгерістер енгізу туралы №33 қаулы қабылдады.

Құжатқа сәйкес, енді агенттіктер деректеріндегі өзгерістерді тек жазбаша нысанда ғана емес, электрондық құжат айналымы жүйесі арқылы да хабарлай алады. Бұл жаңашылдық мына мәліметтерді қамтиды:

  • агенттіктің атауы;

  • филиалдар мен өкілдіктердің орналасқан жері және олар туралы деректер;

  • борышкерлермен байланысқа арналған телефон нөмірлері;

  • құрылтайшылар, басшы қызметкерлер және борышкерлермен жұмыс істейтін мамандар туралы мәліметтер.

Агенттік бұл өзгерістер ақпарат алмасуды жеңілдетіп, жеделдететінін, жұмыс тиімділігін арттырып, қағаз құжат айналымына байланысты шығындарды қысқартатынын атап өтті.