Қазақстан Ұлттық Банкі (ҚҰБ) бүгін, 2025 жылғы 3 қыркүйекте, азаматтарға маңызды ескерту жасады. Себебі – телефон және интернет арқылы жасалатын алаяқтықтың белсенділігі артты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қазақстандықтарға жеке деректер мен банк шоттарына қол жеткізу үшін алаяқтар қолданатын кең таралған алаяқтық схемалары туралы ескертілді.
"Кең таралған алаяқтық тәсілдердің бірі – вишинг немесе телефон алаяқтығы. Бұларды жиі қолданатын қаскөйлер өзін Ұлттық Банктің, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, ұялы байланыс операторларының немесе медицина ұйымдарының қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарға қоңырау шалады және түрлі сылтаумен ақша аударуды, жеке деректерін, SMS-кодты хабарлауды немесе қандай да бір мобильді қосымшаны жүктеуді сұрайды." ҚР Ұлттық банкі
Қаскөйлер телефонмен сөйлескенде мәселенің шұғыл екенін алға тартып, азаматтарға психологиялық қысым көрсетеді. Мұндай айла-шарғы жасау банктік шоттарға, депозиттерге, ақша аударымдарына қол жеткізуге, сондай-ақ азаматтардың атынан онлайн-кредит немесе микроқарыз ресімдеуге бағытталған.
Мемлекеттік органдар, екінші деңгейлі банктер, коммуналдық, медициналық немесе пошта қызметтерінің атынан сілтемеге өтуді немесе қосымшаны ашуды өтінген жасырын фишингтік электрондық хаттар мен жалған SMS-хабарлар қосымша қауіп тудырып отыр. Азаматтар сілтемеге өтсе немесе қосымшаны жүктесе, онда қаскөйлер мобильді құрылғыға, парольдерге, банк картасының деректеріне және басқа да жеке ақпараттарға қол жеткізеді.
Ұлттық Банк азаматтарды абай болуға және қоңыраулардың, сұратулардың, хаттар мен хабарламалардың дәйектілігін міндетті түрде тексеруге, сондай-ақ күмәнді сілтемелерге өтпеуге, белгісіз адамдардың шотына ақша аудармауға, HopToDesk, RustDesk, RUDesktop, AnyDesk, TeamViewer және басқа да қашықтан басқарылатын қосымшаларды орнатпауға шақырады.
Ұлттық Банк қызметкерлері аудио және видеоқоңырау шалмайтынын, жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейтінін, түрлі инвестициялық пай қорлары мен қаржы өнімдеріне қаржылық салым салуды ұсынбайтынын, ақша құралдарын сақтандырумен айналыспайтынын, сондай-ақ халықпен ақшалай есеп айырысу жүргізбейтінін еске саламыз.
Егер сіз қандай да бір алаяқтық әрекетке тап болсаңыз, Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына арыздану керек екенін айтамыз.
Кеңес алу үшін 1477 қысқа нөмірі арқылы Ұлттық Банктің Байланыс орталығына хабарласуға болады.
Бұрын Қазақстан Ішкі істер министрлігі азаматтарға интернеттегі алаяқтарға байланысты сақ болуға шақыратын маңызды ескерту таратқан болатын.