Көкшетау қалалық соты 19-23 жас аралығындағы үш жас жігіттің ісін қарады. Олар әлеуметтік желі арқылы танысқан қызға келген жігітті алдап пәтерге шақырып, кейін көлікке отырғызып, қала сыртындағы бос жерге апарған. Жәбірленушіні ұрып-соғып, мүлкін беруге және мобильді банкинг арқылы ақша аударуға мәжбүрлеген.
Жәбірленуші Т. әлеуметтік желі арқылы танысқан қызға кездесу үшін Көкшетауға келген. Қыздың қауіпсіздігі үшін Б.-дан оны пәтерге жеткізуді өтінген. Алайда Б.-мен бірге Д. және Ш. де барған.
Пәтерге келген соң олардың ойына жәбірленушіні бопсалау жоспары келген. Жігітті көлікке отырғызып, қала сыртындағы адам жоқ жерге апарып, ұрып-соғып, ақшасы мен мүлкін талап еткен. Кейін олар заңсыз әрекеттерін пәтерде жалғастырған.
Жәбірленуші қандай шығынға ұшырады
Қорқыту мен зорлық-зомбылықтың әсерінен жәбірленуші:
- 110 мың теңге тұратын ұялы телефонын берген;
- 25 мың теңге ақшасын аударған;
- 280 мың теңгеге төрт шағын несие рәсімдеуге мәжбүр болған.
Сот-медициналық сараптама оның денесінде көгерген және сыдырылған жарақаттар барын анықтады.
Сот шешімі
Істі қараған сот айыпталушылардың кінәсін толық дәлелденген деп тапты.
- Ш. – қылмыстың белсенді қатысушысы ретінде танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
- Б. – тараптардың татуласуына байланысты бір эпизод бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Бірақ бопсалағаны үшін 4 жыл шартты жаза алды.
- Д. – кейбір айыптар бойынша ақталғанымен, бопсалауға қатысқаны үшін 3 жыл 6 айға сотталды.
Қосымша үкім
Сот қылмыс кезінде пайдаланылған Mitsubishi Pajero Sport көлігін тәркілеу туралы шешім шығарды.