Астанадағы EXPO көрме кешені аумағында Қазақстандағы алғашқы автономды NeuroBox суперкомпьютерінің тұсаукесері өтті
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
NeuroBox – бизнеске немесе үйге арналған автономды суперкомпьютер. Оны компания ішінде де, мемлекеттік ұйымдарда да қолдануға болады. Ол сіздің міндеттеріңізді шеше алады. “Темір адам” фильмін еске түсірсек, онда Темір адамның өзінің жеке ассистенті бар – Джарвис. Мұнда да дәл солай. Бұл сіздің автономды суперкомпьютеріңіз және оның ішінде өзіңіздің жеке “Джарвисіңіз” қалыптасады. Ол сізге тиесілі ішкі міндеттерді функционалды түрде әлдеқайда жылдамырақ орындайды, – дейді NeuroBox компаниясының негізін қалаушылардың бірі Төлеген Омарбеков.
NeuroBox суперкомпьютері ЖИ-мен толық автономды түрде, интернетке қосылмай жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ Төлеген Омарбековтың айтуынша, суперкомпьютер – ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жабық жүйе.
Біздің нейробокста шамамен 8 жасанды интеллект бар. Бұл баршаға белгілі ChatGPT, Gemini, Gemma, DeepSeek және тағы басқалары. Олардың барлығы осы жәшіктің ішінде жабық тұр. Олар ешқайда ақпарат бермейді. Яғни сіз сұраныс жіберген кезде, ол компания ішінде осы жәшікке түседі, ол өңдейді де, сізге жауап қайтарады. Жұмыс істеу принципі дәл қазір сіз қолданатын барлық жасанды интеллектілер сияқты. Бірақ айырмашылығы бұл жабық жәшіктің ішінде. Ол ешқайда ақпарат таратпайды. Бұл – ақпараттық қауіпсіздік мәселесі, – деді ол.
Суперкомпьютердің негізгі элементі – мультиагенттік MindIA платформасы. Компанияның негізін қалаушы Александр Пан бұл платформа әртүрлі нейрондық желілерді бір кеңістікке біріктіріп, цифрлық агенттердің командаларын құруға мүмкіндік беретінін айтты.
ЖИ агент бір адамның функциясын алмастырады. Мысалы, HR ЖИ агенті бар, ол жұмыс істейді. Одан кейін технолог бар, оған да ЖИ агент жасаймыз. Әрі қарай бухгалтерия бар, оған да ЖИ агент жасаймыз. Бірақ қазір мұның бәрі бөлек-бөлек жұмыс істейді. ЖИ агент жасалса да, ол жеке жұмыс істейді. Ал біздің жағдайда біз осының бәрін байланыстыра аламыз, команда сияқты болады. Ұжым қалай үйлесімді жұмыс істесе, дәл солай мұнда да ЖИ агенттер бір-бірін таниды, бір-бірімен сөйлеседі, ақпарат алмасады, – деп түсіндірді Төлеген Омарбеков.