Сот Болат Нұрасыл Дәулетұлының жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстыру туралы өтінішін қанағаттандырмады. Бұл туралы Алматы облысы соттарына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Соттың мәліметінше, Алматы облысы Алатау қаласының сотында 2025 жылғы 4 қыркүйекте сотталған Болат Нұрасыл Дәулетұлының жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстыру туралы өтініші қаралған.

Істің мән-жайы:

2024 жылғы 22 қазанда Алматы қаласы Медеу ауданы №2 аудандық сотының қаулысымен сотталған Нұрасыл Болатқа қатысты 1 жыл 5 ай 10 күн бас бостандығын шектеу жазасының өтелмеген бөлігі орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылған.

Бұл шара пробациялық бақылау талаптарының бірнеше рет бұзылуына байланысты қабылданды.

Атап айтқанда, сотпен анықталған фактілер:

  • 2024 жылғы 14 тамызда түңгі сағат 03:00-де қоғамдық орында болу арқылы соттың қойған шектеулерін бұзғаны;
  • 2024 жылғы 11 қазанда кешкі уақытта мейрамханаға баруы;
  • 2024 жылғы 12 қазанда түнгі ойын-сауық мекемесінде болуы.

"Сотталған адамға алдын ала міндеттері түсіндіріліп, олардың бұзылуының салдары туралы ескертілген. Бұзушылықтар іс материалдарымен расталды", — делінген хабарламада.

Сотталған Нұрасыл Болат өтінішті толық қолдап, қанағаттандыруды сұраған.

Прокурор сотталғанның өтінішін жартылай қанағаттандырып, жазаны бас бостандығын шектеуге ауыстыруды сұраған.

Жәбірленуші О. Чернов сотталғанның ұстанымын қолдап, өтінішті қанағаттандыруды сұраған.

Жәбірленуші А.Чернова өтінішті жартылай қанағаттандырып, жазаны бас бостандығын шектеуге ауыстыруды сұраған.

"2025 жылғы 4 қыркүйектегі Алматы облысы Алатау қаласының сотының қаулысымен сотталған Нұрасыл Болаттың жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстыру туралы өтініші қанағаттандырусыз қалдырылды.

Өтінішті қанағаттандырудан бас тартудың негізі ретінде сотталғанның бас бостандығын шектеу жазасының шарттарын бұрынғы уақытта жүйелі түрде бұзғаны алынып, барлық мән-жай мен ҚР Қылмыстық кодексінің 73-бабын ескере отырып, сот сотталған Нұрасыл Болаттың мінез-құлқындағы оң өзгерістерді расталмағанын анықтады, оның түзелгенін дәлелдеген жоқ. Сондықтан жазаны орындау жалғасуы тиіс", — делінген хабарламада.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз