Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстары су басу қаупін азайту мен елді мекендерді қорғау бойынша инженерлік және профилактикалық іс-шаралар кешенін іске асыра отырып, су тасқыны қауіпті кезеңге белсенді дайындалуда, деп хабарлайды Inform.kz.
Жамбыл облысында Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері көлбеу ағындар мен тасқын суларға бейім ықтимал қауіпті учаскелерді тексерді. Су бұру инфрақұрылымының жай-күйі бағаланып, ықтимал су басу аймақтары анықталды. Нәтижесінде беткейлерді нығайту, дренаждық жүйелерді жаңғырту және халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу ұсынылды.
Батыс Қазақстан облысында өткен жылдардағы тәжірибе ескеріліп, 2025 жылға арналған инженерлік жұмыстар жоспары іске асырылуда. Орал, Шаған және Деркөл өзендерінің бойында 10 шақырым қорғаныш бөгендері салынды. Орал қаласында өзен жағасын нығайту аяқталып, Қаратөбе ауданында Қалдығайты мен Жақсыбай өзендерінің арналары тазартылды. Тасқала ауылында еріген судың негізгі көлемін қабылдайтын арық каналдары реттелді.
Жыл соңына дейін облыста су тасқынына қарсы қорғау бойынша тағы 17 жобаны аяқтау жоспарланып отыр. Жалпы жоспар 35 іс-шараны қамтиды, оның 13-і толық жүзеге асырылған, қалғандары жалғасуда. Ерекше назар елді мекендердегі арық жүйелерін салу мен қайта жаңғыртуға, сондай-ақ жолдардағы су өткізу құбырларының өткізу қабілетін арттыруға аударылып отыр", — делінген ТЖМ дерегінде.