Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет атынан Astana International Forum қолдауымен өтіп жатқан VIII Astana Finance Days форумының ашылуына қатысты, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен .

Өз сөзінде ол Astana Finance Days бүгінде 70-тен астам елдің инвесторларын, бизнес қауымдастығы мен мемлекеттік құрылымдарын тоғыстырған аймақтық деңгейдегі басты ынтымақтастық алаңына айналғанын және Қазақстанның ашықтығын айқындап, ынтымақтастық пен инновацияға деген берік ұстанымын дәлелдейтінін атап өтті.

Форумның өзектілігін елдің экономикалық көрсеткіштері де айқын дәлелдейді. 2025 жылғы қаңтар-шілде аралығында ЖІӨ өсімі 6,3%-ды құрап, оның ішінде нақты сектор 8,3%-ға, қызмет көрсету саласы 5,2%-ға артты. 2025 жылдың I тоқсанында тікелей шетелдік инвестициялар көлемі $6,6 млрдқа жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 6,2%-ға өсті. Ал негізгі капиталға салынған инвестициялар 9,9 трлн теңгені құрап, 16,1%-ға ұлғайды. Бұл деректер халықаралық серіктестердің қолдауын көрсетіп, Қазақстанның сенімді инвестициялық алаң ретіндегі мәртебесін растайды.

Мемлекет басшысы алға қойған басты міндеттердің бірі — инвестиция тарту. Мақсат — 2029 жылға қарай экономиканың көлемін екі еселеу. Бұл үшін кемінде $150 млрд көлемінде тікелей инвестиция тартып, негізгі капиталға салынатын инвестициялардың ЖІӨ-дегі үлесін 23%-ға жеткізу қажет. Осы мақсатта қазірдің өзінде жаңа тетіктер енгізілді, соның ішінде инвестициялар туралы келісімдер мен басым жобаларға арналған "жасыл дәліз" механизмі бар", — деді Серік Жұманғарин.

Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) бұл міндеттерді жүзеге асыруда ерекше орын алады. Құрылған күнінен бастап АХҚО ағылшын жалпы құқығының қағидаттарына, тәуелсіз реттеу мен халықаралық стандарттарға негізделген бірегей институционалдық орта ұсынып келеді. Бүгінде ортталық алаңында 85 елден 4 мыңнан астам компания тіркелген. Олар активтерді басқару мен финтехтен бастап, жасыл қаржы және исламдық банкингке дейінгі түрлі салаларды қамтиды. Осы компаниялардың Қазақстан экономикасына салған жалпы инвестиция көлемі $17 млрдтан асты.

Сөз соңында Серік Жұманғарин серіктестерге бірлескен жобаларға белсенді қатысқаны үшін алғыс айтып, VIII Astana Finance Days форумының ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін ашып, ортақ игілікке қызмет ететін болашақты қалыптастыруда маңызды қадам боларына сенім білдірді.