Қазақстанның "Қажымұқан" тарихи кинотуындысы Сеулде өткен халықаралық кинофестивальде қос жүлдені жеңіп алды. Фильм "Ең үздік фильм" номинациясы бойынша Гран-при, туындыда ойнаған актёр Ербол Төлепберген "Үздік басты рөл" жүлдесін иеленді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Фильм ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген.
"Қажымұқан" – қазақтың тұңғыш чемпионы, аты аңызға айналған балуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың өмір жолын баяндайтын тарихи драма. Туындыда спортшының күрес әлеміндегі жетістіктері ғана емес, оның ұлт рухын көтерудегі рөлі мен адами болмысы кеңінен суреттеледі.
Фильмнің сценарий жұмыстары 2012 жылы басталған. Режиссёр Қанағат Мұстафин 10 жылдан астам уақыт зерттеу жүргізіп, архив деректері мен тарихи мәліметтерді жинақтаған. 2020 жылы түсірілімге кіріскен. Режиссёр фильм арқылы тек тарихи деректерді көрсетіп қана қоймай, Қажымұқанның рухын, адамдық бейнесін, елге деген махаббатын жеткізгісі келгенін айтады.
Бұған дейін фильм Италияда өткен XXIX Халықаралық IPAAF – Apoxiomeno кинофестивалінде де жоғары бағаланып, бірнеше марапатқа ие болған. Сондай-ақ фильм өткен жылы Қазақстанда кең көлемде прокатқа шықты және Қазақ киносының онкүндігі аясында да ел өңірлерінде көрсетіліп келеді.
Айта кетейік, 11-ші Сеул халықаралық "WebFEST" 28 елмен әріптестік орнатқан. Фестиваль заманауи веб-контентті дамытуға бағытталған және бүкіл әлем бойынша онлайн көрсетілімдер ұйымдастырады.
Биыл іс-шараға 21 номинация бойынша 160 шығарма ұсынылды, оның ішінде 20-сы — корей, 22-сі — шетел туындылары.
Бұған дейін Бейжіңде Қазақстанның алғашқы мәдени орталығы ашылғанын жазғанбыз.