Түнде Қостанайдағы аулалардың бірінде ВАЗ 21099 маркалы автокөлік ұрланды. Көлік есігі құлыпталмаған, сондай-ақ, кілті ішінде қалып кеткен. Қаскүнем рөлге ие бола алмай, жолда BMW, Toyota Alphard және Fiat маркалы үш көлікке соқтығысып, оқиға орнынан қашып кеткен, деп хабарлайды Zakon.kz.
Оқиға орнына жедел-тергеу тобы келді. Полиция нарядтары бірден күдіктіні іздеуге бағытталды.
"Топ құрамында жедел-криминалистикалық топтың аға криминалисті Данияр Нұқанов болды. Тексеру барысында ол автокөліктен саусақ іздерін алды. Деректер базасы бойынша жүргізілген тексеру нәтижесінде ұрлыққа қатысы бар адамның жеке тұлғасы анықталды. Ол — Қостанай қаласының 27 жастағы тұрғыны болып шықты. Аталған факті бойынша көлік құралын заңсыз иемдену дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Бұған қоса, жол-көлік оқиғасының мән-жайына құқықтық баға беріліп, зардап шеккен көлік иелеріне келтірілген материалдық шығынды өндіру мәселесі қарастырылатын болады". Қостанай облысы ПД баспасөз қызметі
Полиция азаматтарға мүлкіне мұқият қарауды ескертеді: кілтті көлікте қалдырмаңыздар, есіктерді үнемі құлыптап жүріңіздер және автокөлікті қараусыз қалдырмаңыздар.
Бұған дейін Астанада есірткі пайдаланған үш азамат ұсталғаны хабарланған.