Соңғы айларда әр өңірде құн орта есеппен 10 теңгеге өскен. Халық жиі тұтынатын АИ-92 маркалы көлік отынымен қатар, дизель де қалтаға салмақ салып отыр. Кейбір бекеттерде оның литрі 500 теңгеге дейін жеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстанда жанармай бағасы тағы да құбылып тұр. Тамыздан бері көрсеткіш біртіндеп өсіп, қалтаға салмақ сала бастағанын айтып, көлік жүргізушілері шағымданып отыр. Қостанайда қазірдің өзінде АИ-92 маркалы бензиннің литрі 226 теңге. Ал шілденің аптабында дәл осы отынды 15–20 теңгеге арзан алған. Жүргізушілердің айтуынша, қала сыртындағы тас жолдарда баға, тіпті шарықтап кеткен.

"Ресейден келдік, мұндағы бағаға таң қалдық. Біздің елдегідей қымбаттапты. Барлық жерде жанармай бағасы қалтаға қонымсыз болып барады", – деді көлік жүргізушісі.

"Баға тым тез әрі қатты көтеріліп барады. Басында АИ-92 маркалы бензинді 210 теңгеге құйып жүрдім. Қазір 226 теңге болды. Бензин қымбаттайды, ал жалақы өспейді", – деді көлік жүргізушісі.

Энергетика министрлігінің дерегінше, биыл қаңтардан бастап жанармай бағасына мемлекеттік бақылау тоқтатылған. Енді құн нарықтық жағдайға сай қалыптасады. Дегенмен сұйық отынның қымбаттауы болжанғаннан әлдеқайда төмен болған. Күтілген 14 пайыздың орнына баға 8,5 пайыз ғана өскен.

"АИ-92 бензинінің бағасы ай сайын орта есеппен 1,5–3,5 теңгеге өсіп отыр. Дизель отыны да 2–4 теңгеге қымбаттаған. Бұл – біртіндеп, теңгерімді жасалып жатқан қадам. Осындай тәсілдің арқасында нарықтағы тұрақтылықты сақтап отырмыз", – деді Мұнайды қайта өңдеу және мұнай өнімдерін өндіру басқармасының бас сарапшысы Әйгерім Сәндібек.

Бағаның өсуін қазір құқық қорғау органдары қатысатын ведомствоаралық комиссия қадағалайды. Жанармай құнын күн сайын әкімдіктер де назардан тыс қалдырмайды. Сарапшылар баға өсімін нарықтағы дүрбелең емес, тепе-теңдікке келтіру шарасы деп бағалайды.

"Қазір біздегі баға Ресеймен салыстырғанда екі есе төмен. Қырғызстанда да 92-маркалы бензин 400–410 теңге тұрады. Мұндай жағдайда біздің жанармай, тыйымдарға қарамастан шекара асып кетеді. Біз ішкі сұранысты да толық өтей алмаймыз. Сол себепті Ресейден 1,5 млн тонна жанармай аламыз. Қымбатқа алып, арзанға сату шығынға белшеден батырады", – деді сарапшы Олжас Байділдинов.

Сапрапшылар жанармай бағасы алдағы уақытта да баяу көтеріледі деп санайды, бірақ күрт қымбаттамайтынын жеткізді. Басты мәселе – егін науқаны кезінде дизель отынының қолжетімділігі. Күз айларында жылда тапшылық сезілетіні белгілі. Дегенмен биыл жағдайдың қалай боларын уақыт көрсетеді.

Мәди Мәлік, Елисея Томошевская, Қостанай

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз