Енді Пентагон – Пентагон емес. Дональд Трамп АҚШ-тың Қорғаныс министрлігінің атауын "Соғыс министрлігі" деп өзгертті. Сөзінше, бұл атау әлдеқайда батылырақ. Осы арқылы өз мүдделерімізді қорғау мақсатында соғыс ашуға да дайынбыз деген Трамп Ресей мен Украина арасындағы жауластықты әлі тоқтата алмады. Енді ол бұған Еуропа елдерін айыптап отыр, деп хабарлайды "Астана" арнасы.

"Ниеттілер коалициясы" Парижде кездескен соң, АҚШ Президенті Владимир Зеленский және Еуропадағы мемлекет басшыларымен телефон арқылы сөйлесті. Трамп Еуропаны Ресейден мұнай сатып алу арқылы Украинадағы соғысты қаржыландырып отыр деп айыптады. Сол үшін Ресейді мұндай табыс көзінен айыру керек деген пікір білдірді. Сондай-ақ Ресейді қолдап отырған Қытайға да экономикалық қысым жасауға шақырды.

Айта кету керек, жуырда Путин Зеленскиймен кездесуге қарсы еместігін айтқан еді. Тіпті Украина басшысын Мәскеуге шақырды. Алайда Зеленский өзінің дәл қазір Мәскеуге баруын мүмкін емес деді. Сондай-ақ Ақ үй басшысы Трамп жақын арада Владимир Путинмен онлайн хабар алмасатынын айтты.

"Путинмен міндетті түрде сөйлесеміз. Тамыз айында онымен пікір алмасуымыз сәтті өтті деп ойлаймын", — деді Трамп.

Дегенмен, Франция президенті Еуропадағы 26 мемлекет бар күшін Украинаға бұрып, көмек беруге ниетті екенін айтты. Тіпті қауіпсіздік кепілдігін дайындады. Олар Украина аумағында әскер орналастырмақ.

"26 ел Украинаға әскер орналастыруға міндеттеме алды. Бұл шаралар Украина тарабы үшін қауіпсіздік кепілдігі ретінде қарастырылған. Бітімгершілік күштер жерде, теңізде және әуе кеңістігінде болады. Қазір бұл бастамаға тағы 35 мемлекет ниет білдіріп отыр", — дейді Франция президенті Эмманюэль Макрон.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз