Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің бұрынғы төрағасы Қайрат Қожамжаровқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, деп хабарлайды Zakon.kz.
ҚР Бас прокуратурасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің бұрынғы төрағасы Қайрат Қожамжаровқа қатысты лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану, сондай-ақ ол басшылық лауазымдарда болған әртүрлі кезеңдерде қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын хабарлады.
"Барлық қылмыстық істер бойынша арнайы прокурорлардың жетекшілігімен жедел-тергеу топтары құрылды", делінген хабарламада.
ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.
Қайрат Қожамжаров әр жылдары қаржы полициясын басқарды, Ақмола облысының әкімі, Президенттің көмекшісі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоның төрағасы болды, сондай-ақ ҚР Бас прокуроры болып та тағайындалған.