Солтүстік Қазақстан облысында қызметтік міндеттерін атқару кезінде екі учаскелік полиция инспекторы жол апатына ұшырап, қаза тапты, деп хабарлайды Zakon.kz.

2025 жылы 6 қыркүйекте Солтүстік Қазақстан облысындағы "Чистополье – Шөптікөл" тас жолында Chevrolet Cobalt және Toyota Camry автокөліктері соқтығысты. Екі жүргізуші де оқиға орнында қаза тапты.

СҚО ПД хабарлағандай, қос полицей қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапты, олар мас болмаған. Оқиға фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу әрекеттері тағайындалды.

Жол апатының құрбандары - Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің учаскелік полиция инспекторлары полиция майоры Владимир Синицын мен полиция аға лейтенанты Дәулетхан Қазыхан.

ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденов қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғыра отырып, көңіл айтты. Министр Ішкі істер министрлігі қаза тапқан қызметкерлердің отбасына барлық қажетті көмек көрсететінін, қызметтік борышын атқару кезінде өмірі қиылған қызметкерлердің есімі ішкі істер органдарында мәңгі сақталатынын да жеткізді.

Бұған дейін Өскеменде әйел адам көлігімен бес қабатты ғимаратқа соғылғанын жазғанбыз.