Қазақстандық боксшы Махмұд Сабырхан Ливерпульде (Ұлыбритания) өтіп жатқан әлем чемпионатындағы алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жетті, деп хабарлайды Zakon.kz.
2023 жылғы әлем чемпионы Махмұд Сабырхан 55 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғап жатыр, делінген ҚР ҰОК хабарламасында.
Отандасымыз алғашқы жекпе-жегінде Брайан Ортиспен (Мексика) қолғап түйістірді. Нәтижесінде, Махмұд Сабырхан еш қиындықсыз 5:0 есебімен жеңіске жетті.
Бұған дейін 7 қыркүйекте Ұлыбританияда бокстан өтіп жатқан әлем чемпионатында бес боксшы шаршы алаңға шығатынын, оның ішінде Махмұд Сабырхан мен Нұрбек Оралбай да барын жазғанбыз. Ал кеше, 2025 жылы 6 қыркүйекте шаршы алаңға шыққан төрт отандасымыздың үшеуі алғашқы жек-жекте жеңіске жетті. Қазақстандық былғары қолғап шебері Бейбарыс Жексен Ливерпульде (Ұлыбритания) өтіп жатқан әлем чемпионатындағы алғашқы жекпе-жегінде сенімді түрде жеңіске жетті. Одан бөлек 70 келіге дейінгі салмақта Төрехан Сабырхан мен 60 келіге дейінгі салмақта Виктория Графеева да әлем чемпионатын сәтті бастады, ал 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Надежда Рябец Қытай өкілі Лина Уангтан жеңіліс тапты. Осылайша ол аталған жарыстағы ойынын тоқтатты. Оның алдында бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының өкілі Аида Әбікеева Ливерпульде (Ұлыбритания) өтіп жатқан әлем чемпионатын жеңіспен бастағанын жазғанбыз.