2025 жылғы 8 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру қажет екенін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Оның айтуынша, бұл салаға тың серпін беру үшін мемлекет соңғы жылдары реформа жүргізіп жатыр. Қомақты қаражат бөлінуде, биыл шаруаларды қолдауға бір триллион теңге жұмсалды. Қажетті несиелер уақытында берілді.
Ол мұндай ауқымды қолдау елімізде бұрын-соңды болмағанын атап өтті.
"Бірақ, агроөнеркәсіптің орасан зор әлеуетін толық ашуға бұл шаралардың әзірге жеткіліксіз екені анық. Мәселе – қаражаттың көлемінде емес, ең бастысы, оны тиімді пайдалану қажет. Озық агроэкономикаға көшу үшін Үкіметтің нақты жоспары болуы керек". Қасым-Жомарт Тоқаев
Сондай-ақ, ол қазір ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін бірқатар ірі жоба жүзеге асырылып жатқанын айтты.
"Оған отандық және шетелдік инвесторлар қатысуда. Инвестицияның жалпы көлемі 2 миллиард доллардан асады. Үш мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Өнімдер әлемнің көптеген еліне тасымалданады. Мұндай жобалардың ауқымын кеңейту қажет. Әр аймақта дайын өнімді өндірістен дүкен сөресіне дейін жеткізетін әрбір өңірдің ерекшелігіне қарай біртұтас желі қалыптасуы керек. Көптеген аймақта өндірістің барлық сатысын қамтитын үздік агрокәсіпорындар бар. Оларды жұртшылық жақсы біледі. Бұл кәсіпорындар цифрландыру тәсілдерін жаппай енгізу арқылы өндірістің тиімділігін әлдеқайда арттыруда",- деді ол.
Үздік агрокәсіпорындар ауыл шаруашылығы өнімін шығарудан бастап оны терең өңдеуге дейін тұтас өндірісті толығымен жолға қойып, зор табысқа жетіп отыр. Сондықтан осындай агрохолдингтердің тәжірибесін тарату үшін барынша жағдай жасаған жөн.
"Бұл – құзырлы министрліктің және қоғамдық ұйымдардың міндеті. Мұндай қадам инновациялар мен ғылыми жаңалықтарды ауыл шаруашылығында кеңінен қолдануға мүмкіндік береді". Мемлекет басшысы
Бұған дейін ол салықтан түскен әр теңге халықтың игілігіне жұмсалуға тиіс екенін айтқан болатын.