Қазақстанда оқулықтардың сапасын тексеретін педагог-эксперттерді онлайн іріктеу басталды. Үміткерлер E-EXPERT.GOV.KZ платформасы арқылы конкурсқа қатыса алады
Білім беру мазмұнын сараптау республикалық ғылыми-практикалық орталығы (БҒМСО) педагог-эксперттерді іріктеудің жаңа кезеңінің басталғанын жариялады.
Барлық рәсімдер E-EXPERT.GOV.KZ платформасында онлайн өтеді, бұл еліміздің кез келген өңірінен үміткерлерге қатысуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда орталықтың базасында байқаудан өтіп, оқудан өткен жаңа форматтағы 400-ден астам сарапшы бар.
Платформа іріктеудің негізгі кезеңдерін автоматтандырды: құжаттарды тексеру, тестілеу, әңгімелесу, эссе жазу, модульдік оқыту және қорытынды сертификаттау.
Платформаны енгізу процессті барынша ашық әрі ыңғайлы етуге мүмкіндік берді. Бүгінде біз орта білім сапасына ықпал ететін кәсіби сарапшылар қауымдастығын қалыптастырып жатырмыз, — деді орталық директоры Назира Абдрахманова.
Орталық бүкіл елдің педагогтарын өтінім беріп, конкурсқа қатысуға шақырады.