Бұл реформа азаматтық секторда, сарапшылар ортасында, сондай-ақ, әрине, қазіргі парламентте жан-жақты талқылануы қажет, деді мемлекет басшысы
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Sputnik.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бір палаты парламентті құрумәселесін референдумға шығаруды ұсынды.
Президент бүгінгі жолдау кезінде елімізде көп ұзамай бір палаталы парламент құру бастамасын көтерді.
«Бірден айтайын, бұл – өте маңызды мәселе. Оны асығыс жүзеге асыруға болмайды. Бұл реформа азаматтық секторда, сарапшылар ортасында, сондай-ақ, әрине, қазіргі парламентте жан-жақты талқылануы қажет. Реформаның мән-маңызы айрықша екенін ескерсек, оны талқылауға бір жыл уақыт керек деп ойлаймын. Содан кейін, яғни, 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізуге болар еді. Содан соң Конституцияға тиісті өзгеріс енгізе аламыз», — деді Тоқаев.
Президенттің ойынша, бір палаталы парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн.
«Бұл – әлемде кеңінен тараған парламенттік рәсім. Осылайша, мәжілістің қазіргі құрамы барлық заңдық рәсім аяқталғанша өз ісімен айналыса береді. Сенат жалпыұлттық референдумның қорытындысы шығып, жаңа парламент сайлауы өткенге дейін алаңсыз жұмыс істейді. Ал саяси партиялардың бәсекелі тартысқа дайындалуына уақыты болады», — деді Тоқаев.