Өскеменде пробация қызметі мен полиция жарты жыл бойы бақылаудан жасырынып жүрген ер адамды ұстады.

Жүйелі түрде тәртіп бұзғаны үшін іздеуде болған сотталған қаладағы ойын клубтарының бірінде қолға түсті.

Белгілі болғандай, ол қылмыстық теріс қылығы үшін 2 жылға пробациялық бақылауға сотталған. Үлбі аудандық пробация қызметінің мамандары оны қоғамға бейімдеуге тырысқан: автомеханик болып жұмысқа орналасуына жәрдемдесіп, отбасымен қарым-қатынасын қалпына келтіруге ықпал еткен.

Алайда ер адам берілген мүмкіндікті бағаламай, құмар ойынға әуестеніп, жазасын өтеу тәртібін жүйелі түрде бұзған. Ол біраз уақыт Алматыда жасырынғанымен, кейін Өскеменге қайта оралған. Ақыры "виртуалды әлемге" берілген қашқын ойын клубында ұсталды.

"Пробация қызметінің мамандары полициямен бірлесіп жедел іздестіру шараларын жүргізді. Соның нәтижесінде бақылаудағы азаматтың қайда жүргені анықталды. Енді оның өтелмеген жазасы нақты мерзімге ауыстырылады", – деді Үлбі ауданы бойынша пробация инспекторы Ұлабек Жайдар.

Айта кетсек, Шығыс Қазақстан облысында қазір "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасы жүріп жатыр. Оның аясында соттан қашып жүргендерді анықтауға ерекше назар аударылуда.

Енді заңды елемеген ер адам 9 айын колонияда өткізетін болды.