Жаңа оқу жылынан бастап еліміздегі барлық мектептерде Денсаулық сақтау министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігі Қазақ тағамтану академиясымен бірлесіп, ЮНИСЕФ пен ДДСҰ қолдауымен әзірлеген бірыңғай ұлттық тамақтану стандарты енгізілді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бұл туралы 2025 жылы 8 қыркүйекте ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы" хабарлады. Мақсаты — мектеп оқушыларының тамақтануын сау, қауіпсіз және ашық ету.
Жаңа стандартқа сәйкес, ас мәзірінде мыналар өзгерді:
- Тұз, қант және май азайды.
- Шұжық өнімдері, фастфуд, қант қосылған шырындар, спредтер мен консерванттарға тыйым салынды.
- Көкөністер, жемістер, дәнді дақылдар, сүт және сүтқышқылды өнімдер көбейді.
- Шағын мектептерде ланч-бокстар енгізілді: ыстық бутерброд, сүтқышқылды өнім, жеміс және сусын.
- Ас мәзірі маусымға сәйкес 4 аптаға арналып жасалып, міндетті түрде денсаулық сақтау органдарымен келісілетін болады.
- Қант диабеті, аллергиясы немесе басқа да ерекшеліктері бар балалар үшін арнайы мәзір қарастырылған.
- Жеусіз қалған тамақ индексі енгізілді: егер 30 %-дан астам тағамдар желінбей қалса, мәзір қайта қаралады.
Сапаны бақылау қалай жүргізіледі
- Әр тағамның құнарлылығы, ақуыз, май, көмірсу, дәрумендер мен минералдар көрсетіледі.
- Бір тағамды бірнеше күн қатарынан қайталауға тыйым салынады.
- Бракераждық комиссиялар құрылды: мектеп әкімшілігі, дәрігерлер және ата-аналар тамақ сапасын бірлесіп тексереді.
- Мектеп медбикелері күн сайын дайын тағамдарға органолептикалық бақылау жасайды.
- Өнімдер мен тағамдарды есепке алу, қайтару және ауыстыру журналдары жүргізіледі.
Бұл не үшін қажет
- Балалар арасындағы семіздік деңгейін төмендету (қазір әрбір бесінші оқушы артық салмаққа ие).
- Тұз бен қантты тұтынуды ДДСҰ ұсынымдарына сәйкес шектеу.
- Иммунитетті нығайтып, созылмалы аурулардың қаупін азайту.
- Ата-аналардың сенімін арттырып, мектептегі тамақтану жүйесін ашық ету.
"Қазақ тағамтану академиясының деректеріне сәйкес, қатаң ережелер балалар арасындағы семіздікті 10–15 % азайтуға, қант диабеті қаупін 20 %-ға дейін төмендетуге, ал гипертония ықтималдығын 18 %-ға қысқартуға мүмкіндік береді. Енді Қазақстандағы мектеп тамақтануы: балалар үшін — сау әрі әртүрлі, ата-аналар үшін — қауіпсіз әрі ашық", делінген ведомство хабарламасында.
Жаңа ережелер еліміз бойынша 1,7 миллионнан астам оқушыны қамтиды. Мақсат — мектеп оқушыларының тамақтануын сау, қауіпсіз және ашық ету.
Бұған дейін танымал ресейлік дәрігер аспириннің қауіпті екенін ескерткен болатын.