Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның көлік инфрақұрылымын дамыту және еліміздің Еуразиядағы көлік хабы ретінде мәртебесін нығайту үшін бірқатар маңызды бастамалар ұсынды.
Президенттің айтуынша, көлік инфрақұрылымын жаңғырту елдің экономикалық дамуына айтарлықтай ықпал етеді. Ол еліміздегі вагондар мен әуежай инфрақұрылымына қатысты өзекті мәселелерге тоқталып, осы саладағы даму жоспарын бөлісті.
«Жұрттың вагондардың жай-күйіне көңілі толмайды. Астанада вагон құрастыратын зауыт іске қосылды. Бұл саладағы проблемаларды шешу үшін маңызды қадам болды. Заманауи жолаушылар вагонын жасау шетел инвесторының қатысуымен қолға алынады», – деді Президент.
Сондай-ақ, Тоқаев авиация инфрақұрылымын жаңғырту бойынша да бірқатар нақты жобаларды атап өтті. Өткен жылы Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларында жаңа терминалдар ашылса, жақында Зайсан, Қатонқарағай және Кендірлі әуежайларының құрылысы аяқталады. Сонымен қатар, Арқалық әуежайының қайта қалпына келтірілуі жұмыстары жалғасуда.
«Бұл жобалар аймақтардың экономикалық белсенділігін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Сондықтан, бұл жұмыс өз жалғасын табады», – деп атап өтті Тоқаев.
Президент сондай-ақ әуемен жүк тасымалдау ісіне айрықша назар аудару қажеттігін атап өтті. Оның пікірінше, осы салада жасалған жұмыстардың нәтижесі бар, бірақ тасымал көлемін арттыруға үлкен мүмкіндік бар.
«Мен бұған дейін әуемен тасымалданатын жүк көлемін екі есе ұлғайту жөнінде тапсырма бердім. Бұған шетелдік ірі инвесторларды тарта отырып, Ұлттық жүк тасымалдаушы компания құру арқылы қол жеткізуге болады», – деді мемлекет басшысы.
Электронды сауда-саттық пен озық технологиялық өнімдер саудасының қарқынды дамуы қазіргі кезде әуемен жүк тасымалдауды аса табысты бағытқа айналдырып отыр. Тоқаев Қазақстанның әуе хабтарын белсенді түрде дамыту қажеттігін және олардың жаһандық логистика тізбегіне қосылуын қамтамасыз ету керектігін айтты.
«Әуе хабтарын дамытып, халықаралық логистика жүйесіне енуіміз керек. Сонымен қатар, экспресс-жүк тасымалдау саласын ретке келтіру қажет. Бұл қадам тұтынушылардың мүддесін қорғау үшін қажет», – деп толықтырды Президент.
Президенттің пікірінше, пилотсыз жүк тасымалдайтын көлік түрлері, оның ішінде арнайы автокөліктер мен дрондар сияқты жаңа технологиялар да көлік инфрақұрылымын дамытуға зор ықпал ететін болады. Үкіметке осындай жаңа технологияларды тез арада қолданысқа енгізу үшін қажетті құқықтық актілерді қабылдауды тапсырды.
«Қазақстан Еуразиядағы көлік хабы болуға тиіс. Бұл стратегиялық маңызы зор міндет», – деп қорытындылады Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы реформаларды жүзеге асыру үшін Президент үздік мамандар мен кәсіпкерлерді тарту қажеттігін атап өтті. Ал Үкіметке тапсырманың орындалуын жылдық есеп беру жиынында қарау ұсынылды.