Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында Түркістан облысында әлеуметтік қолдау, білім беру және еңбек нарығын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар қолға алынуда. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев мәлімдеді.
2025 жыл елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланғаны белгілі. Осыған орай өңірде кешенді іс-шаралар жоспары қабылданып, облыс әкімі бекіткен 7 бағыттан тұратын 64 тармақты жоспар аясында кәсіптік білім беру сапасын арттыруға, жұмысшы мәртебесін көтеруге, жастарға кәсіптік бағдар беруге және еңбек нарығындағы сұранысты қамтамасыз етуге басымдық берілді.
Бүгінде Түркістан облысындағы 50 техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында 47 мыңнан астам студент 75 мамандық бойынша білім алуда. Оның ішінде 16 мың 500-ден астам студент 38 жұмысшы мамандығы бойынша даярланып жатыр. Алдағы 2025-2026 оқу жылына 15 мың 500 мемлекеттік грант бөлініп, соның 9 мың 500-і жұмысшы мамандықтарына бағытталды.
Сонымен қатар, өңірде дуалды білім беру жүйесі кеңінен дамып келеді. Қазіргі таңда облыстағы 35 колледж 654 кәсіпорынмен келісімге келіп, 64 мамандық бойынша студенттерді нақты өндірістік тәжірибеге баулуда. Бұл тәсіл жастардың кәсіби қабілетін арттырып қана қоймай, еңбек нарығына тез бейімделуіне жол ашады.
Жастарды еңбекке баулу және жұмыспен қамту мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Осы бағытта өңірде түрлі форумдар мен жәрмеңкелер ұйымдастырылуда. Мәселен, «Адал азамат, адал еңбек, адал табыс» форумы аясында жүзге жуық түлек нақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етілсе, 1500 бос жұмыс орны ұсынылған жәрмеңкеде жұмыс берушілер мен жастар тікелей байланыс орнатты.
Білім саласындағы инфрақұрылым да біртіндеп жаңарып келеді. Мемлекет басшысының «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында 29 жаңа мектептің құрылысы жоспарланған. 2024-2025 оқу жылында олардың 13-і пайдалануға беріліп, жыл соңына дейін тағы 16 мектептің есігі оқушыларға айқара ашылады деп күтілуде. Бұдан бөлек, өңірдегі 115 мектеп кезең-кезеңімен жаңғыртылып, бүгінде 100 білім ошағы толық жөндеуден өтті. Бұл шаралар мектептердің қауіпсіздігін арттыруға, оқу процесінің сапасын көтеруге және білім беру орындарының заманауи стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмаған. Қазіргі таңда өңірдегі барлық білім ошағы Жедел басқару орталығына қосылып, турникет, дабыл түймесі және күзетпен қамту жүйелері толық орнатылған.
Облыстағы мұғалімдердің кәсіби әлеуетін арттыруға да айрықша көңіл бөлінуде. Бүгінде өңірде 67 мыңнан астам ұстаз еңбек етіп жүр. «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» жобасы аясында 1200-ден аса педагог қатысып, олардың 78 пайызы басқарушы лауазымдарға тағайындалды. Жыл соңына дейін 16 мыңнан астам ұстаздың біліктілігін жетілдіруі жоспарланған. Ал биыл алғаш рет енгізілген «Ұстаз» ұлттық платформасында 12 826 педагог аттестациядан өтуде. Бұл жүйе ұстаздардың кәсіби дамуына серпін беріп, еңбегін ынталандыруда.
Түркістан облысында Президент Жолдауын іске асыру аясында жұмысшы мамандықтарды насихаттау, жастарды еңбекке тарту, білім беру жүйесін жаңғырту және педагогтердің кәсіби деңгейін көтеру бағыттарында нақты қадамдар жасалуда. Бұл бастамалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп қана қоймай, Әділетті Қазақстан құру жолында маңызды үлес қосатыны сөзсіз.