Мемлекет басшысы бүгінгі жолдауында электросамокаттардың қатысуымен болатын жол апаттарының мәселесіне ерекше тоқталып өтті. Президенттің жолдауынан кейін Алматы полициясының өкілдері қаладағы электросамокаттарды жаппай жинап, арнайы тұраққа қою туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Желіде полиция қызметкерлері электросамокаттарды жаппай эвакуаторға тиеп жатқаны туралы ақпарат тарады. Қазақстандықтар мұндай көріністі елордамен қатар, Алматыда да байқаған.

NUR.KZ тілшісі жағдайдың мән-жайын білу үшін Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметіне хабарласты. ПД өкілдері заңнаманы бұзу фактілері тіркелген жағдайда электросамокаттарды арнайы тұраққа апарып қоятынын мәлімдеді.

Ведомствоның хабарлауынша, тәулік ішінде самокат жүргізушілері тарапынан жол қозғалысы туралы заңнаманы бұзудың 800-ден астам (жыл басынан бері 16 мыңнан астам) дерегі анықталған. Оның ішінде: • Жол қозғалысына қатысушыларға қойылатын талаптарды сақтамаудың 489 дерегі (ҚР ӘҚбК-нің 620-бабы); • Жаяу жүргіншілер мен өзге де қатысушылардың қозғалыс ережелерін бұзуының 237 дерегі (ҚР ӘҚбК-нің 615-бабы); • Ата-аналардың балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын орындамауының 11 дерегі (ҚР ӘҚбК-нің 127-бабы); • Көшені абаттандыру ережелерін бұзудың 47 дерегі (ҚР ӘҚбК-нің 505-бабы); • Қоғамдық орындарды ластау бойынша 23 құқықбұзушылық (ҚР ӘҚбК-нің 434-2-бабы).

Сонымен қатар, тротуарларда және жолдарда электросамокаттарды бейберекет қалдыру деректері анықталды, бұл өз кезегінде қозғалысқа кедергі келтіреді. 259 самокат арнайы тұраққа қойылған.

Сондай-ақ, электросамокаттардың шоғырланған орындарында күшейтілген патрульдеу жүргізу мақсатында оператор-компаниялар ұсынған самокаттармен 50 полиция бағыты ұйымдастырылды.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз