Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті 2025 жылғы 8 қыркүйекте 2025 жылы жалпыға бірдей декларациялауды енгізу шеңберінде кірістер мен мүлік туралы декларацияны кімдердің ұсынуы міндетті екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Декларация ұсынуға міндетті тұлғалар:
- Мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген тұлғалар, сондай-ақ олардың жұбайлары;
- Банктердің, бағалы қағаздар нарығының және сақтандыру ұйымдарының ірі қатысушылары және олардың жұбайлары;
- Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, жарғылық капиталдағы үлесінің (Акционерлік қоғамдар акцияларының) 10%-дан астамын иеленетін заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары), сондай-ақ олардың жұбайлары;
- Жеке практикамен айналысатын тұлғалар (нотариустар, адвокаттар, жеке сот орындаушылары, медиаторлар);
- Дара кәсіпкерліктен түсетін кірістерді қоспағанда, дербес салық салуға жататын кірістер (мүлікті жалға беруден түсетін кірістер; шетелдік банк шоттары бойынша сыйақылар; цифрлық активтермен жасалатын операциялардан түсетін кірістер; төлем көзінен салық ұсталмаған өзге де кірістер) алған адамдар;
- Шетелдік банктердегі шоттарында 1000 айлық есептік көрсеткіштен асатын қаражаты бар тұлғалар;
- Шетелде активтері бар тұлғалар (жылжымайтын мүлік, көлік құралдары, бағалы қағаздар, цифрлық активтер, инвестициялық алтын);
- Меншігінде цифрлық активтері бар тұлғалар;
- 2024 жылы 20 000 еселенген айлық есептік көрсеткіштен асатын сомада (2025 жылы – 78 640 000 теңге) мүлік сатып алған тұлғалар, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде.
"Декларация тапсыру мерзімі: 2024 жылғы есепті кезең бойынша декларация 2025 жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірілмей, тұлғаның тұрғылықты жері бойынша ұсынылуы тиіс",- деп еске салды ведомство.
Ведомство жеке тұлғалар кірістер мен мүлік туралы декларацияны келесідей тапсыра алатынын атап өтті:
- электрондық форматта:
- мемлекеттік кірістер комитетінің порталы,
- Электрондық үкімет порталы арқылы,
- e-Salyq Azamat, eGov Mobile қосымшалары арқылы.
- қағаз жүзінде.
Бұған дейін ҚМА жүктілік, босану бойынша жәрдемақылар мен атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз тағайындау фактілерін анықтағанын жазғанбыз.