2025 жылғы 9 қыркүйекте өткен Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстанда қай салалардың дамуына басымдық берілетінін айтып өтті, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, Ұлттық банкпен бірлесіп, жоғары технологиялы экономика салаларына инвестиция тарту бағдарламасы әзірленеді. Бұл бағдарламаға Ұлттық қор мен екінші деңгейлі банктердің қаражаттарын тарта отырып, 1 млрд АҚШ долларына дейінгі бюджет қарастырылған.

"Сондай-ақ, финтехті ілгерілетуге және цифрлық активтер айналымын либерализациялауға жағдай жасайтын, сонымен қатар, банктердің бос өтімділігін нақты экономика секторына тартуды ынталандыратын "Банктер туралы" заң жобасы әзірленеді", – деді Жұманғарин.

Оның айтуынша, 2029 жылға дейін ЖІӨ-ні екі еселеу мақсатында мемлекет жоғары инвестициялық белсенділікті барынша ынталандырады.

"Үкімет автомобиль жасау, теміржол машина жасау, химия және мұнай-химия өнеркәсібі, сирек кездесетін жер металдарын қоса алғанда, минералдық-шикізат базасын толықтыру, сондай-ақ АӨК өнімдерін қайта өңдеу сияқты перспективалы бағыттарды айқындады. Бұл салаларда жаһандық бәсекеге қабілетті экспорттық өндірістерді құруға болады", – деп атап өтті министр.

Жалпы "инвестициялық сұраныс" жобаларының жоспарланған сомасы 5 трлн теңгеден асады. Инвесторларды тарту, құрылымдау және талдау жұмыстарын "Бәйтерек" холдингі жүзеге асыратын болады.

Бұған дейін Қазақстан мен Моңғолия арасындағы тауар айналым бір жылда 3,6%-ға артқанын жазғанбыз.