Екібастұз қаласының полициясына тұрғындар хабарласып, тілсіз жау кезінде көрсеткен көмегі үшін алғыстарын айтты. 7 қыркүйек күні таңертең патрульдік қызмет барысында тәртіп сақшылары Юбилейная көшесіндегі жеке үйден қалың түтін шығып жатқанын байқайды.

Дереу төтенше қызметтерге хабар беріп, аулаға жүгіріп кіргенде тұрғындардың мүліктерін сыртқа шығарып жатқанын көреді. Көмектесе жүріп, үй ішінде өздігінен төмен түсе алмай отырған 86 жастағы әже қалғанын біледі. Инспектор Ермұрат Қажығали әріптесі Абзал Тоқтасыновпен бірге екінші қабатқа көтеріліп, қарияны көтеріп алып шығады.

Далада жедел жәрдем дәрігерлері күтіп тұрған еді, әже дереу дәрігерлердің қолына тапсырылып, алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Көп ұзамай өрт сөндірушілер де келіп, жалынды оқшаулау мен сөндіру жұмысына кірісті.

Мамандардың алдын ала болжамы бойынша, өрттің шығуына зақымдалған оқшаулауы бар электр сымдары мен кабельдерді пайдалану себеп болған.

"Полицейлердің батыл да жедел әрекеттерінің арқасында орны толмас қайғылы жағдайдың алдын алдық. Бізге көрсетілген кәсіби көмек үшін шын жүректен алғыс айтамыз. Әжемізді аман алып қалғандарыңызға рақмет", – дейді ризашылығын білдірді қарияның туыстары.

Полиция департаментінде атап өткендей, ерлік – адамның ең асыл қасиеттерінің бірі. Полицейлер күн сайын өз денсаулығы мен өмірін қатерге тігіп, өзгелерді қорғауға әзір.

Инспекторлар Абзал Тоқтасынов пен Ермұрат Қажығали – кез келген сәтте көмекке келіп, қорғауды қажет ететін әрбір жанға қолдау көрсетуге дайын қызметкерлер. Әділетке адалдық, Отанға қызмет ету мен парызға беріктік – олардың өмірлік қағидаларының негізі.