Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жұмыс сапарымен Бәйдібек ауданына барып, аудан активімен маңызды кездесу өткізді. Жиында аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен негізгі проблемалар, сондай-ақ олардың шешу жолдары жан-жақты талқыланды. Аймақ басшысы ауылдық округ әкімдері мен басқарма жетекшілеріне бірқатар нақты тапсырмалар беріп, ауданның даму бағытын айқындап берді.
Кездесуде мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысына жан-жақты талдау жасалды. Облыс әкімі салық түсімдерін арттыру, кірістерді заңдастыру, ауылдық округтердің қаржылық тәуелділігін азайту және жергілікті жобаларды іске асыру бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды. Әсіресе, ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібіндегі көрсеткіштердің төмендігіне ерекше назар аударылды. «Өзін-өзі қамтамасыз ету жол картасы» аясындағы жұмыстар да мардымсыз деп бағаланды.
Облыс әкімі актив отырысында жетістіктерден бұрын, нақты мәселелерге басымдық беру қажеттігін айтты. Ауыл әкімдерінің жұмысын сынға алып, көрсеткіштері төмен округтердің басшыларынан жеке-жеке жауап алды. Мал шаруашылығы мен өзге де экономикалық индикаторлардың орындалуы бойынша нақты мәліметтер талап етілді.
– Бюджетке тәуелділікті біртіндеп азайту қажет. Әрбір ауылдық округ әкімдері нақты нәтижеге жұмыс істеуі тиіс. Экономиканы әртараптандыру – стратегиялық міндет. Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Тек өз жұмысына салғырт қарауға болмайды, – деді Нұралхан Көшеров.
Сонымен бірге облыс басшысы инвесторларды тартудың маңыздылығына тоқталып, жаңа өндіріс орындарын ашу арқылы жұмыс орындарын көбейту қажеттігін атап өтті. Кездесуде Бәйдібек ауданының туризм саласындағы әлеуеті де сөз болды. Облыс әкімі туристік нысандардың инфрақұрылымын жақсартуға, тазалық пен қызмет көрсету сапасына ерекше мән беруді тапсырды.
– Бәйдібек – табиғи, тарихи, рухани бай мұраға ие өлке. Бұл – туризмді дамытуға зор мүмкіндік. Әр аудан өз брендін қалыптастырып, соған сай даму жолын айқындауы қажет, – деді облыс басшысы.
Жиын соңында Нұралхан Көшеров ауданның санитарлық жағдайына тоқталып, арнайы тексерулер жүргізілетінін айтты. Нәтижесінде тазалық жұмыстары дұрыс ұйымдастырылмаған ауыл округтерінің әкімдеріне тәртіптік шаралар қолданылатыны ескертілді.
Облыс әкімі жиынды қорытындылай келе, барлық деңгейдегі басшыларды бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Мәслихат депутаттарына аудан әкімдігімен бірлесіп, инвестициялық жобаларды қолдауға және өз округтеріндегі әлеуетті жобаларды зерделеуге міндет жүктеді.
Бәйдібек ауданының даму жолы айқын. Ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, туризм және инфрақұрылым – ауданның негізгі тірек салалары болып белгіленді. Бұл бағыттағы жұмыстар нақты нәтижеге бағытталып, әрбір ауылдық округ әкімінің жауапкершілігі күшейтіледі.