2025 жылғы 10 қыркүйекте Қазақстанның Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) "Волковгеология" АҚ бойынша мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Агенттіктің Алматы облысы бойынша департаменті "Волковгеология" АҚ-да бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеуді аяқтады. Бұл кәсіпорын – "Қазатомпром" ҰАК" АҚ жүйесіндегі геологиялық қамтамасыз ету және технологиялық бұрғылау жұмыстарын жүргізетін негізгі ұйым болып табылады.
"Бұрынғы басқарма төрағасы Д.Н. Молдаши екі жыл бойы "Казбурмаш СК" ЖШС-нен жеткізілмеген қосалқы бөлшектерді құжат жүзінде қабылдаған болып, жалған мәліметтерді қамтыған жұмыстар актілерін рәсімдеген. Сол негізде контрагентке 86 млн теңгеден астам сомада төлем жүргізілген", – деп мәлімдеді ҚМА баспасөз қызметі.
Агенттік мәліметінше, аталған қаражат кейіннен заңсыз иемденілген.
"Тергеу барысында күдікті келтірілген материалдық шығынды толық өтеді", – деп қосты агенттіктің баспасөз қызметі.
Қылмыстық іс сот қарауына жіберілді.
Сонымен қатар, ҚМА аталған дерек бойынша бұған дейін "Волковгеология" АҚ филиалының директоры Борашев А.М., "Казбурмаш СК" ЖШС басшысы Әліпбаев Е.С. және бухгалтер Токатақаева Г.Ж. 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылғанын еске салды.
2025 жылғы 9 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев ҚМА төрағасы Жанат Элимановты қабылдады. Ол Президентке кірістерді заңдастыруға қарсы іс-қимыл бойынша қабылданған шаралар жөнінде баяндап, агенттіктің 720 қылмыстық істі тергеуді аяқтап, оның ішінде 3 трансұлттық қылмыстық топты қоса алғанда, 15 ұйымдасқан қылмыстық топты таратқанын хабарлады.