Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заң жобасын қарауға алды, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Мәжіліс депутаты Татьяна Савельеваның айтуынша, бұл заң жобасы Мемлекет басшысының қаржы секторын одан әрі дамыту жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленген.
"Банк қызметінің жалпы ережелері, мақсаттары, міндеттері, реттеу мен корпоративтік басқару қағидаттарын жетілдіру көзделіп отыр. Бұл бүкіл банк секторы үшін бірыңғай әрі тиімді негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді. Банктік қадағалау енгізіледі және банктерді ашу мен лицензиялау тәртібіне қойылатын талаптар өзгереді", – деді Савельева.
Осы блоктағы негізгі бастамалардың бірі – базалық банктік лицензияны енгізу. Бұл жаңа банктердің нарыққа кіру шарттарын жеңілдетіп, бәсекелестікті арттыруға, сондай-ақ бизнесті несиелеуге оң әсер етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қаржы ұйымдары басшыларына қойылатын стандарттар күшейтіледі, яғни басқаруға тек кәсіби және адал мамандар келуі тиіс.
"Сондай-ақ, салымшылардың мүддесін қорғау және қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтау мақсатында төлем қабілеті жоқ банктерді реттеу тетіктері енгізіледі", – деп қосты депутат.
Бұған дейін ауыз су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялау қағидалары бекітілгенін жазғанбыз.