Желіде тақта алдында тұрған хиджабтағы қыздарға мұғалімнің ұрсып жатқан видеосы кеңінен тарауда. Видеода ұстаз бұл балаларға мектеп формасын киіп келуді сұрап, бірнеше рет ескерту жасаған айтады. Желі қолданушыларының пікірлері, әдеттегідей екіге жарылды, деп хабарлайды Zakon.kz.
2025 жылы 10 қыркүйекте ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі аталған видеоға қатысты түсініктеме берді. Ведомство видеода болып жатқан оқиғаның біздің елге қатысы жоқ екенін айтады.
"Әлеуметтік желіде пайда болған видеодағы жағдай Қазақстан мектептеріне және Қазақстанның білім беру жүйесіне қатысы жоқ". ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі
Сонымен қатар министрлік осы орайда мектеп формасына қатысты қойылатын талаптарды тағы бір мәрте еске сала кетуді жөн деп тапты. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында жалпыға бірдей міндеттелетін мектеп формасының барлық қажетті құқықтық негіздері бекітілген.
"Қазақстанда қыздар мен ұлдарға арналған киім нысаны нақты айқындалған. Орта білім беру ұйымдарының міндетті мектеп формасы оқытудың зайырлы сипатына сәйкес келеді. Киімнің стилі классикалық болуы керек, түс гаммасы үш түстен аспайтын үйлесімділікке жол бере отырып, қалыпты, қатты ашық емес реңктерде сақталуы керек. Әр түрлі конфессиялардың діни киім элементтерін мектеп формасына енгізуге жол берілмейді". ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі
Белгіленген талаптардың мақсаты, баспасөз қызметі нақтылап өткендей, орта білім беру ұйымдарының мектеп формасын қолдануда бірыңғайлылығын қамтамасыз ету, оқытудың зайырлы сипатын нығайту болып табылады.
"Ата-аналар мектеп жарғысы мен белгіленген талаптарды сақтауға міндетті. Бұл міндеттерді орындамау заңда көзделген, оның ішінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс бойынша жауапкершілікке тартуға әкеліп соғады". ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі
2025 жылғы оқу жылының басталуына екі апта қалғанда қазақстандық ата-аналар мектеп формасын міндеттеудің күшін жоюды талап ететін петицияны іске қосты.