Алматыда самокаттарды қоятын арнайы тұрақтар пайда болады. Қала билігі қос дөңгелекті құрылғыларды қоятын 10 орынды белгілеп қойған. Енді кикшеринг компаниялары электрсамокаттарды соған сай бейімдеуі керек, деп хабарлайды "КТК" арнасы.
Техниканы көрінген жерге тастап кететіндермен шенеуніктер осылай күреспек. Тек арнайы тұрақтардың нақты қашан іске қосылатыны белгісіз. Егер жалға беретін компаниялар самокатты жақын арада бейімдеп үлгермесе, тұрақтар көктемде іске қосылуы мүмкін. Себебі жол белгілері бояу арқылы сызылады. Ал күн суытып кеткен жағдайда оны жүзеге асыру мүмкін болмай қалады дейді әкімдіктегілер.
Самокаттарға қатысты тәртіп орнатуды президент Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында тапсырған болатын. Осыдан соң алматылық депутаттар нарықты тәртіпке келтірмейінше, самокаттарды жалға беруді тоқтата тұру туралы бастама көтерді. Алайда жауапты басқарма басшылығы "бұл мүмкін емес" деп отыр.
"Қазір электрсамокат нарығы, кикшеринг компанияларының жұмысы реттелмеген. Нақты нормалар мен ережелер жазылған бірде-бір заң жоқ. Дегенмен кикшеринг компанияларымен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Алматыда саябақтар мен жаяу жүргіншілер аймақтарын жаптық. Ол жерде электрсамокаттар жүрмейді. Ал арнайы тұраққа деп 10 орын таңдалды — жұрт құрылғыларды жиі тастап кететін аумақтар", — дейді Алматы мобильді басқарма басшысының орынбасары Бауыржан Құмарғазин.
Дереккөз: "КТК" арнасы
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз