Алматыда электросамокаттар тағдыры қалай шешіледі?

Алматыда электросамокат мәселесі күн тәртібінен түсер емес. Жыл басынан бері тіркелген жүздеген жол-көлік оқиғасы мен ондаған зардап шегушілер депутаттарды уақытша тыйым салуды ұсынуға итермеледі. Президент те бұл проблемаға назар аударып, Жолдауында заңнамалық өзгерістерді жедел әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Астанада боран соққанда адамдар жел беттен соқпасын деп арқасымен жүреді. Ал алматылықтар кейде дәл солай тротуармен жүруге мәжбүр. Оған себеп ауа райы емес, адамдар жылдам жүйткіген электросамокаттардан қорқады. Қала тұрғындарының айтуынша,қол-аяқтың сынғаны ең жеңілі, кей жағдайда мұндай соқтығыстың соңы өлімге әкелуі де мүмкін. Осы себепті халық қалаулылары электросамокаттарды жалға беруді уақытша тоқтатуды ұсынып отыр.

«Электросамокаттарды пайдалану ережелері нақты бекітіліп, қай жерде жүруге болатыны анықталғанша, әсіресе тротуарларды қатаң шектеуге дейін, уақытша тыйым салу керек деп есептеймін. Бұл қатаң, бірақ қажет шара», – деді депутат.

Алматылықтардың көпшілігі бұл ұсынысты құптап отыр.

«Самокаттар жүргіншілер жолында емес, көлік жүретін бөлікте болуы тиіс. Мемлекет олардың қозғалысын дұрыс реттеуі керек», – дейді қала тұрғындары.

Дегенмен, салалық қауымдастықтар мен кикшеринг компаниялары мұндай шектеулерге асықпауға шақырады. Олардың айтуынша, тыйым салынса, жұмыс орындарын ашып, бюджетке салық төлеп отырған кәсіпкерлер зардап шегеді. Сондықтан радикалды шараның орнына олар түсіндіру жұмыстарын күшейтуді ұсынады. Мысалы, пайдаланушыларға ережелерді насихаттау, жарық шағылыстырғыш кеудешелер беру, ең көп қозғалыс орындарында жеке патрульдік инспекторлар шығару.

Биылғы жылдың басынан бері Алматыда электросамокаттардың қатысуымен шамамен 300 жол-көлік оқиғасы тіркелген. 300-ден астам адам, оның ішінде балалар да жарақат алған. Полиция рейдтерін жалғастырып, профилактиканы күшейтуде және пайдаланушылар мен операторларды жауапкершілікке шақыруда.

Жалға беруге тыйым салу мәселесі әзірге ашық қалып отыр. Қоғам өкілдері мен депутаттар техникалық тұрғыдан самокаттардың жылдамдығын 10 км/сағ аспайтындай шектеуді ұсынады. Алайда компаниялар мұндай шектеу клиенттердің қызығушылығын жоғалтады деп есептейді.

Енді басты сұрақ. Қайсысы маңыздырақ? Жылдамдық пен бизнес пе, әлде адамдардың өмірі мен қауіпсіздігі ме?

Бұл мәселе қазір әкімдіктің жұмыс отырысында талқыланып жатыр. Қабылданатын шешім мегаполистегі электросамокаттардың тағдырын айқындамақ.