Қаржы министрлігі "Бақылау-касса машиналарын қолдануға байланысты кейбір мәселелер туралы" бұйрық жобасын дайындады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Жобаға сәйкес, бақылау-касса машиналарын (БКМ) қолдану тәртібі, кассалық чектің мазмұнына қойылатын талаптар және фискалдық деректер операторы болуға үміткерлерге арналған біліктілік талаптары белгіленеді. Сонымен қатар құжатта фискалдық деректер операторын тізімге енгізу және тізімнен шығару тәртібі нақтыланған.

Жоба мына мәселелерді реттейді:

  • БКМ моделін кассалық машиналардың тізіліміне енгізу;
  • БКМ-ді есепке қою және есептен шығару;
  • кассалық чектің мазмұнына қойылатын талаптарды сақтау;
  • БКМ тіркеу карточкасындағы мәліметтерді өзгерту;
  • тауарларды сату, жұмыстарды орындау, қызмет көрсету кезінде жасалатын ақшалай есеп айырысуларды тіркеу және (немесе) деректерді беру функциясы бар БКМ-нен алынған мәліметтерді қабылдау, сақтау және оларды салық органдарына жіберу.

Бұйрық қабылданған жағдайда, тауарларды сату, жұмыстарды орындау және қызмет көрсету барысында жасалатын ақшалай есеп айырысулар жөніндегі мәліметтерді БКМ арқылы қабылдау мен жіберу тәртібі жетілдіріледі. Бұл көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға ықпал етуі мүмкін.

Құжат Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексінің 111-бабының 2, 5 және 6-тармақтарына, сондай-ақ "Мемлекеттік қызметтер туралы" заңның 10-бабы 1) тармақшасына сәйкес әзірленген.

Жоба 2025 жылдың 23 қыркүйегіне дейін ашық талқылау үшін "Ашық НҚА" порталында орналастырылды.