ШҚО-да қымбат металдарды заңсыз өндірді деген күдікпен 21 адам ұсталды. Олардың 19-ы шетел азаматы, деп хабарлайды Polisia.kz порталына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Ақпараттық медиа-порталдың жазуынша, өңірде "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткен.

Оның барысында Шығыс Қазақстан облысының полицейлері пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру фактісін анықтап, күдікке ілінген 19 шетел азаматы мен Өскемен қаласының екі тұрғынын ұстаған.

Сондай-ақ қымбат металлдарды өндіруге арналған экскаваторлар, бульдозер, ұсатқыш қондырғылар және басқа да жабдықтар, құрамында алтын мен басқа да бағалы компоненттердің белгілері бар металл бұйымдары тәркіленген.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.

"Тергеу барысында құқыққа қарсы әрекетке қатысы бар болуы мүмкін 20-дан астам адам тексеріліп жатыр. Дәлелдер жиналып, қажетті сараптамалар тағайындалды, істің барлық мән-жайын анықтау шаралары қабылдануда", — деп жазады басылым.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз