Қазақстанда отбасының әл-ауқат деңгейін анықтаудың баллдық үлгісін пайдаланатын пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Қосымша қолдау шараларын алу үшін өтініш білдірген барлық отбасы 6 санатқа жіктеліп, олардың ішінен шын мұқтаждары анықталады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Еңбек министрлігіне сілтеме жасап.

Еңбек министрлігінің мәліметінше, отбасылардың әл-ауқат деңгейін анықтаудың баллдық моделі жергілікті бюджеттер есебінен іске асырылатын қосымша әлеуметтік қолдау шараларын тағайындау кезінде пайдаланылады. Мысалы, мектептерде тамақтандыру, колледждер мен ЖОО студенттерін жатақханамен қамту, санаториялық-курорттық емдеу, тұрғын үй көмегін көрсету және тағы басқасы.

Отбасының әл-ауқат деңгейі 23 әлеуметтік-демографиялық және экономикалық критерий бойынша анықталады. Қосымша қолдау шараларына өтініш білдірген барлық отбасы 6 санатқа жіктеледі – аса қажеттіліктен (азық-түлікке қаражаттың болмауы) жоғары әл-ауқатқа дейін (қаржылық қиындықтар жоқ). Шешім отбасының цифрлық картасы арқылы жиналған объективті деректер негізінде автоматты түрде қабылданады.

Көмек барлығына бірдей емес, қажеттілігіне қарай көрсетіледі. Материалдық көрсеткіш ретінде табыс, мүлік, көлік, несиелердің бар-жоғы есепке алынады, ал материалдық емес (денсаулық, мүгедектік, білім деңгейі), сондай-ақ тәуелділік ауыртпалығы және жасырын табыстың болуы, мысалы, бейресми жұмыс та ескеріледі.

2 және одан да көп тұрғын үй, 2 және одан да көп көлік құралы, тіркелген заңды тұлғасы (ЖК, ЖШС) бар және бір отбасы мүшесіне шаққандағы айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 4 деңгейінен асатын үй қожалығы – әл-ауқат деңгейі жоғары 6-санатқа жатқызылады. Мұндай отбасылар жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын қосымша әлеуметтік қолдау шараларын алушылардың қатарынан шығарылады.

1-5 санатқа жатқызылған отбасыларды қолдау шараларын тағайындау автоматты түрде жүзеге асырылады.

Айта кетерлігі, скорингтік үлгі республикалық бюджеттен кепілдендірілген әлеуметтік төлемдерге (барлығы 41 түріне) әсер етпейді. Базалық және ынтымақты зейнетақылар, жүктілігі және бала күтімі бойынша 1,5 жасқа дейінгі жәрдемақылар, көпбалалы отбасыларға және марапатталған аналарға берілетін жәрдемақы, мүгедектік бойынша және мүгедек бала күтімі бойынша жәрдемақылар, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы, арнаулы мемлекеттік және басқа да жәрдемақы түрлері өзгеріссіз төленеді.

Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға арналған Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің 5 түрі бірдей көлемде сақталады.

Баллдық үлгіні қолдану нақты мұқтаж азаматтарға мақсатты түрде көмек көрсетуді қамтамасыз етеді.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз